Алматы полициясы маскүнем әйелді ата-аналық құқығынан айыру мәселесін көтерді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Әуезов аудандық ІІБ полиция қызметкерлері маскүнем әйелді ата-аналық құқығынан айыру мәселесін көтерді. Бұл туралы Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Бесінші ықшам ауданның тұрғыны - «Д» есімді әйел ювеналды полицияның есебіне 2012 жылы алынған болатын. Оның қолында екі кішкентай қызы бар.

«Қазір қыздар мектепке барады. Алайда олардың анасы әлі де ішімдіктен көз ашпайды және балаларының тәрбиесімен мүлдем айналыспайды. Біздің инспекторлар кезекті рет келген кезде, әйелдің бейтаныс адамдармен бірге ішімдік ішіп, мас халде отырғанының үстінен түсті. Бұл туралы «Д» есімді азаматша қандай да бір түсініктеме бере алмады. Онымен талай рет әңгіме жүргізіліп, ескерту жасалса да, әйел арақ ішуін қоймады. Инспекторлар әр келген сайын ол түзелетіндігін, пәтерін жинастырып, қыздарының тәрбиесімен айналысатындығын айтып, ант-су ішсе де, нәтиже болмады. Бұл жерде бір нәрсе түсінікті: қыз балаларға мұндай жағдайда өмір сүру өте қауіпті», - деді осыған орай Алматы қ. ІІД Әкімшілік полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Лейлә Әліпбаева.

Балаларды лайықсыз тәрбиелеуге қатысты жинақталған деректер таяу күні арнайы комиссияның қарауына беріліп, әйелді ата-аналық құқығынан айыру мәселесі қойылады. Әзірге қыздар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына бекітілді.

Соңғы жаңалықтар