Алматы полициясының автопаркі 105 көлікпен толықты (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясының автопаркі бүгін 105 автокөлікпен толықты. «Астана» алаңында өткен салтанатты жиында ІІД қызметкерлеріне жаңа көліктердің кілтін қала әкімі Ахметжан Есімов табыстады.
None
None

«Осы жылы қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарына 12 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оның ішінде 2 млрд теңге материалдық-техникалық жабдықтауға, жұмысшыларды ынталандыруға жұмсалды. Бүгінгі 105 көлік те сіздердің жұмысқа деген ынталарыңызды, мүмкіндіктеріңізді арттыру үшін беріліп отыр. Сіздердің араларыңызда өз жұмысына адал қарамайтын офицерлер бар. Конституция күні қарсаңында ол туралы айтпау керек еді. Бірақ, мен мәселе шешілгенше айтатын боламын», - деді құттықтау сөзінде қала әкімі Ахметжан Есімов.

Аталған көліктердің барлығы отандық «Агромашхолдинг» компаниясының автоөндіріс алаңынан шыққан.

Олардың барлығы ҚР ІІМ талаптарына сай жарық-дабыл құралымен жабдықталып, мемлекеттік рәмізбен безендірілді.

«Қазір қалалық ІІД барлық бөлімшелері көліктермен қамтылды. Қаланың 7 ауданындағы кезекші бөлімдері, айдауыл қызметінің жеке батальонына 22 шағын автобус берілді. Сондай-ақ, «Пежо» маркалі 73 жеңіл көлігі жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің игілігіне тапсырылды. «Шанс» маркалі 10 көлікті учаскелік инспекторлер алды», - деді қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.

Соңғы жаңалықтар