Алматы тұрғындарының нақты табыстарының өсуi 2,8 пайызға жетті
Бұл жайында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов тұрғындармен есепті кездесуі барысында айтты.
Қала әкімі қазір шағын және орта кәсіпорындар жұмысқа жарамды әр 3 азаматтың бірін қамтамасыз етіп, бюджетке 60 пайызға жуық салық түсіріп отырғандығын мәлім етті. «Бұл сала тұрақты даму үстінде. Қаланың экономика саласына жұмыс iстейтiн мұндай кәсiпорындарының саны 6,1 пайызға өсті, жұмыспен қамту - 0,4, тауар өндіру, жұмыс пен қызмет көрсету 4,8 пайызға өсті», - дейді әкім.
Сондай-ақ ол экономикалық белсенділіктің артуына сәйкес жұртшылықтың табысы да өскендігін жеткізді. «Өткен жылы әр алматылық орта есеппен айына 104, 4 мың теңге табыс алды, бұл 2009 жылғы көрсеткішке қарағанда 5 мың теңгеге жоғары. Тіркелген жұмыссыздардың саны жыл ішінде 0,7 пайыздан 0,4-ке төмендеген. Екі миллион халқы бар, сырттан келушілердің мөлшері көп қала үшін бұл жаман көрсеткіш емес», -дейді А.Есімов.
Әкім қалада бөлшек сауда мөлшері де жоғарылағандығын атап өтті. «Статистика көрсеткіштері алматылықтардың сауданы базарлардан емес, сауда орталықтары мен шағынмаркеттерде жасауға көше бастағандығын көрсетеді. Бұл жұртшылық табысының өсе бастағандығын куәландырады, өздеріңіз білесіздер, орталықтардағы тауар сапасы жоғары болып келеді, соған орай бағасы да соған сәйкес болатыны белгілі», -дейді ол.