Алматыда 2008-2010 жылдардағы мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасының екiншi кезеңiнде 2 472 пәтер тапсырылды
Бұл жайында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бүгін қала тұрғындармен кездесу барысында айтты.
Қала әкімі мемлекеттік бағдарламалардың iске асырылуы мегаполистегі тұрғын үй мәселесін шешуге едәуiр мүмкiндiк бергендігін айтады. "Дегенмен бізде әлі де 10 мыңнан аса кезекте тұрғандар бар. Сондықтан қалада меншiктi ипотекалық бағдарламаны iске қосудамыз. Бұл муниципалдық облигациялардың iске асқан құралдар бөлiгі есебiнен жасалып отыр. Осы бағдарлама бойынша алғашқы пәтерлер ағымдағы жылдың соңына қарай тапсырылады деп жоспарлануда", - дейді қала әкім.
2008 жылдан бері тұрғын үй үлескерлерін қолдайтын мемлекеттік жұмыстар атқарылып жатқандығын да айтып өтті, әкім. Бұл елеулі нәтижелерін де көрсеткен, мәселен 4 жылдың ішінде 12630 үлескер пәтерлеріне қол жеткізген, ал, 2010 жылы олардың саны 4631 жеткен. Осылайша үлескерлер мәселесінің 80 пайызы шешілген.
Сонымен қатар қала әкімі қаланың экологиялық мәселесі төңірегінде атқарылған істерге тоқталып өтті. "Біздің қаламыздың басты экологиялық мәселесі - оның ауа алабының күйі болып табылады. Кешендi табиғи ортаны қорғау шараларына өткен жылы 5,1 млрд. теңге бөлінді, нәтижесінде ауаның ластану деңгейін 10 пайыз төмендете алдық. Ал, индекс 12,9-дан 11,7 пайызға түскен", -дейді әкім. Сондай-ақ ол қаланың ауа алабын ластап отырған басты жағдай 80 пайыз зиянды заттарды атмосфераға таратып отырған автокөліктер екендігін атап өтті. "Өткен жылдың басында қалада 550 мыңнан аса автокөлік тіркелген. Бір жағынан бұл тұрғындардың әл-ауқатының көтерілгендігін көрсетсе, екіншіден үлкен экологиялық мәселені туындатып отыр. Сондықтан да транспорттық құралдарды пайдалану мен техникалық жағдайына бақылау күшейтіліп отыр", - дейді А.Есімов.
Әкім жанармай құятын стансылардағы жанармай сапасын да жіті тексеріп тұру тапсырылғандығын жеткізді.
Қала әкімі сондай-ақ көліктерді газбен жүруге көшіру бағдарламасы жүзеге асып жатқандығын атап өтті. Өткен жылы газ құятын алғашқы стансы тұрғызылған. Мұндай өзгерістер қоғамдық көліктерде де орын ала бастаған. «Айтып өткенімдей, муниципалды автобус паркі құрылды. Табиғи газбен жабдықталған олардың кейбірін Азиада ойындары кезінде байқаған шығарсыздар. Жақын аралықта олар қала ішіндегі бағыттар бойынша жүре бастайды», - деп атап өтті өз сөзінде қала әкім.