Алматыда бизнесменнің отбасын ойрандаған қылмыскерлер Шешенстан мен Грузияда ұсталды

АЛМАТЫ. 8 қараша. ҚазАқпарат - Қашқында жүрген қылмыскердің бірі Шешенстан Республикасында ұсталды. Ал оның сыбайласы Тбилиси қаласынан табылды.
None
None

2011 жылдың сәуір айында қаладағы ірі ЖШС-тің құрылтайшысының үйіне шабуыл жасалды. Сол күні таңғы сағат үш жарымда 38 жасар кәсіпкердің үйіне бетін маскамен жасырған 5 жігіт баса-көктеп кіріп, үй иесі мен оның әйелін байлап, тапаншамен қоқан-лоқы көрсетіп, 200 мың теңге, алтын бұйымдарды, екі ұялы телефонын алып кеткен, деп хабарлады қалалық ІІД баспасөз қызметінен.

«Кылмыскерлер кеткеннен кейін отағасы жіпті босатып, әйеліне көмектесті де ағасына барса, ағасы басқа бөлмеде байлаулы күйде ес-түссіз жатқан. Жүйткіп келген «жедел жәрдем» бригадасы ер адамның буынып қаза болғанын айтты. Соған байланысты тергеу-жедел топ құрылды. Қарулы шабуылға қатысқандардың үшеуі ізі суымай полицейлердің құрығына түсті. Қалған екеуі, оның біреуі аталған қылмыстың ұйымдастырушысы қашып кетті. Дегенмен олардың аты-жөндері белгілі еді. Қылмыскерлерге мемлекетаралық іздеу жарияланды», - деп хабарлады Алматы қаласы ІІД Криминалдық полиция басқармасының криминалдық іздеу бөлімінің басшысы Мәлік Бөбеқұлов.

Жоғарыда айтылғандай, біреуі Шешенстаннан, екіншісі Тбилиси қаласынан табылды. Қазір аталған елдер мен Қазақстанның Ішкі істер министрліктері деңгейінде ұсталғандарды Алматыға экстрадициялау мәселесі қаралуда.

Соңғы жаңалықтар