Алматыда информатика пәнінен XXVII халықаралық олимпиада басталды (ФОТО)
Өзінің алғысөзінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың олимпиадаға қатысушыларға арналған құттықтау сөзін жеткізді. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында елімізде тұңғыш рет информатика пәнінен халықаралық олимпиада өтіп отыр. Оған қатысуға 84 елден 630-дан астам делегат келді. Қазақстан - әл-Фараби, әл-Хорезми, әл-Бируни секілді шығыстың ұлы ғұламалары негізін қалап кеткен көне жаратылыстану мектебінің мұрагері. Қазіргі заманда бүкіл әлемде информатика саласына ғылым ретінде көп көңіл бөлінеді. Бәсекеге қабілетті, табысты, зиялы тұлғаны, одан қала берді ұлтты қалыптастыруда ақпараттық технологияны жетік меңгерудің маңызы өте зор. Қазақстанда информатика пәні бойынша Олимпиада өткізу - жастарға білімін жетілдіруге, өзара идеялар мен тәжірибе алмасуға жаңа серпін береді деп сенемін», - делінген құттықтау хатта. Айта кетелік, Олимпиада ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен өтіп отыр. Ол 2-ші тамызға дейін жалғасады.