Алматыда көлігімен адамдарды қаққан күдіктілердің біріне санкция мерзімі ұзартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда көлігімен қасақана адам қаққан күдіктілердің біріне қамауда ұстау туралы санкцияның мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда көлігімен адамдарды қаққан күдіктілердің біріне санкция мерзімі ұзартылды

«Жандос Әлікеевке қатысты санкция 26 қарашаға дейін ұзартылды, - деп хабарлады қалалық соттан.

Бұған дейін тергеу соты оны 26 тамыздан 26 қазанға дейін, яғни екі айға қамауға алуды ұйғарған болатын. Күдікті – 24 жаста.

«Оның інісі 1999 жылы туған Дінмұхамед Әлікеев, ол да күдікті, әлі күнге дейін қамауда отыр. Қылмыс болған кезде ол «Toyota Avensis» көлігін басқарған. Оның санкциясы 16 қарашаға дейін сақталады», - деп толықтырды соттан.

Дінмұхамед Әлікеев екінші күдікті ретінде 16 қыркүйек күні ұсталды. Ол Алматы облысының аумағында полициядан жасырынып жүрген. Сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім қабылдады.

Еске салайық, 26 тамыз күні таңғы сағат 5-те Бостандық ауданындағы Гагарин көшесінде өзара жанжалдан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған болатын. Оқиға видеосы әлеуметтік желіде тарап, кейін полиция толық ақпарат таратты.

Полиция адамдарды қаққан көліктерді тауып, тәркіледі. Екі көлік ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына айғақзаттар ретінде тіркелді.

Одан әрі ұсталған күдіктілер ағайынды екені анықталып, олардың анасы ұлдарының мұндай қадамға өздерін қорғау үшін барғанын алға тартты.

Дәрігерлер зардап шеккен үш адамның жағдайы туралы айтты.