17:41, 14 Қаңтар 2015 | GMT +5
Алматыда сауда үйінен 5 млн. теңге көлемінде ақша ұрлаған азаматтар ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ірі сауда үйінен 5 млн. теңге көлемінде ақша ұрлаған азаматтар ұсталды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек хабарлады.
Қылмыстық оқиға Жаңа жыл қарсаңында болған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, белгісіз екі адам аталган сауда үйіндегі есепшінің бөлмесіне кіріп ақша сақталған сейфті көтеріп кеткен.
«Күдіктілер алғашқы тәуліктерде ақ қолға түсті. Олар 38-40 жастағы жергілікті тұрғындар болып шықты. Қазір олар істегенін мойындап отыр. Сондай-ақ олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы анықталуда»,-деді қалалық ІІД криминалды полиция басқармасының өкілі Пархат Мадалиев.
Полиция өкілдерінің айтуынша, күдіктілер тонаған ақшасының жартысын жаратып үлгерген. Олардың бірі тіпті жеке автокөлік сатып алған көрінеді.