13:13, 13 Қараша 2013 | GMT +5
Алматыда соңғы 10 айда мас жүргізушілердің кесірінен 3 адам көз жұмып, 89 адам жарақат алды
АЛМАТЫ. 13 қараша. ҚазАқпарат - Алматыда 10 айда мас жүргізушілердің қатысуымен 59 жол-көлік апаты тіркелді. Бұл бүгін Алматыда ішімдік ішуге жауапкершілікпен қарау мәдениетіне қатысты «Сенің таңдауың» жобасының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.

«Мас күйде көлік жүргізген жүргізушіні әлеуетті қылмыскер деу жайдан-жай айтылмаған. Мәселен Алматыда 10 айда мас жүргізушілердің қатысуымен болған жол-көлік апаттарында 3 адам көз жұмып, 89 адам жарақат алған» , - дейді Алматы қаласы ішкі істер департаментінің Әкімшіліктік полиция басқармасының бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі аға инспекторы Ақбота Әзірбекова. Оның айтуынша, құқық бұзушылар арасында да мас көлік жүргізушілері де көп кездеседі. Оларға қатысты 10 айда 2462 адамға әкімшілік хаттаманың толтырылуы соның нақты айғағы бола алады. Қоғамның барлық мүшелерінің ішімдік ішуге деген жауапкершілігін күшейтуге арналған шаралар мас жүргізушілердің қатысуымен болатын жол-көлік апаттарын түбірімен жоймаса да, оны азайтуға зор септігін тигізбек.