Алматыда сот орындаушыларына оқ атқан адамды ұстау сәтінің видеосы пайда болды
Бүгін, 20 қыркүйекте, сағат 17:00-дер шамасында Алатау ауданы Ақбұлақ ықшамауданындағы жер үйлердің бірінің тұрғыны, сот орындаушылары оны үйден шығару үшін келген кезде, оларға оқ атқан.
Сот шешімімен танысқан соң, қылмыскер үйіне кіріп кетіп, қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада тұрған басқа адамдарға оқ жаудырған. Нәтижесінде бес адам, оның ішінде қызметтік міндеттерін орындау кезінде болған екі полиция қызметкері атыс қаруынан жарақат алып, қайтыс болды.
Бұған дейін қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов аталған факті бойынша іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлаған болатын.
99 - бап 2-бөлім 1-тармақ – «екi немесе одан көп адамды өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұл қылмыс үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Күдікті арнайы жасақ жауынгерлерінің көмегімен қару қолданбай ұсталды, себебі, үйде әйелдер мен балалар болған.