Алматыда «Стартап өнері - идеядан іске асыруға дейін» атты семинар өтті
Онда спикерлер стартап-компанияларды іске қосуда бизнес-модельдің рөлі, венчурлы қорларды құру механизмдері, оларды қаржыландыру, стартап жобаларды құрудың негіздері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, семинарда стартап-жобаларға қатысты механизмдердің қалай жұмыс істейтіндігі, сондай-ақ осындай жобалардың сатылуы мен маркетингтік компаниялардан қалай өтетіндігі көрсетілді. Әсіресе қатысушылардың арасында стартап-компанияның бизнес-моделін құру бойынша тәжірибелік жаттығулар ерекше назарға ие болды.
«Бизнесті қолға алуда бизнес модельдің ролі ерекше. Ол басқаша - бизнес-модельдің «арқауы» деп те аталады. Сондықтан біз семинарды «Стартап компанияны іске қосу өнері» деп атадық. Өйткені ол ғылым емес. Ол нағыз өнер! Біз үйретпейміз. Біз мұндай жиындарда өз тәжірибелерімізбен бөлісеміз. Мұндай семинарларға кез-келген адам қатыса алады. Өйткені қазіргі заманда адам ерте ме кеш пе өзінің жеке бизнесін ашу туралы ойға келеді. Кәсіпкер, қазіргі қоғамда ерекше орынға ие болуы керек. Өйткені ол жұмыс орындарын ашады. Құндылықтар жасайды. Салық төлейді. Өзіне жауапкершілік ала алады. Ол тәуелсіз адам» - деді өз сөзінде ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары, инновациялар және кәсіпкерлікті басқару ғылымының магистрі Әбділда Шәменов.
Бұл семинарды «Болашақ» қауымдастығы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.