Алмаз өндірісіне қыруар қаражат салып, сан соғып қалды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда бір топ тұрғын алаяққа жем болғандарын айтып, облыстық прокурарураның алдына жиналды. Олар жарнамаға сеніп, оңбай алданған.

2019 жылы «Sax Invest» компаниясына алмаз өндірісі үшін әрқайсысы 10-15 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы аударыпты. Алайда, қараша халықтың сеніміне кірген компания басшысы тұрғындардың қаражатын иемденіп, байланысты үзген.
Тұрғындардың айтуынша, алданғандардың саны бір мыңға жуықтайды.
- Сәтжан деген жігіт. Ол бізге ақшаны қайтарамыз деп, міндеттеме қағазын берді. Соған сеніп қалдық. Бірақ, ол кісі кейін хабарсыз кетті. Тек әлеуметтік желіден бақылап, Анголада жүргенін көреміз. Соған сеніп осы уақытқа дейін отырдық, - дейді, Ақтау қаласының тұрғыны Гүлшар Бергарина.

Қала тұрғыны Алла Гафулер аталған компанияға көлігін сатып, 10 мың доллар төлеген. Содан ай сайын 2 пайыз пайда түседі деп сендірген.
- Бұл кісі бізге келіп өз компаниясын жарнамалап, акцияға инвестиция саласыңдар деп алдады. Оның сөзіне сеніп, мен көлігімді сатып 10 мың АҚШ долларын салдым. Салған ақшамызды қайтаратын кепілхатын да берді. Міне, бес жыл бойы табыс түгілі, өз ақшамызды ала алмай отырмыз, - дейді ол.

Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Данияр Төлегеновтің мәлімдеуінше, осы іске қатысты Астана қаласында қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынған.
- Астана қалалық экономикалық тергеу департаментімен Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Осы іс бойынша аталған органмен күдікті тұлғалар ұсталды. Бұдан басқа тергеу әрекеттері тағы жалғасуда. Сонымен қатар бүгін Маңғыстау облысы прокуратурасының басшылық құрамымен осы салымшыларға жеке қабылдау жүргізіліп, тиісті заңды түсіндірме берілді, - дейді Данияр Төлегенов.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «Sax Invest» компаниясы халықтың 9 миллиард теңгеге жуық қаражатын иемденген.
Бұған дейін Маңғыстау облысында қатерлі дертке шалдыққан науқастар жәрдемақыдан қағылғанын жазғанбыз.