«Алтын ханым»: Қазақстанда мықты әйелдер көп

АСТАНА. KAZINFORM – Бірнеше күн бұрын «Алтын ханым» байқауының жеңімпазы анықталған еді. Жобаға биыл мыңдаған әйел қатысып, 35 мыңнан астам адам дауыс берді. Халықтың шынайы ықыласына бөленіп, үздік атанған Самал Асанова жобадан алған әсерімен бөлісті.

Самал Асанова
Фото: Kazinform

– Біз күнделікті жұмысымызды істеп жатқан кезде оқырмандарым «Алтын ханым» байқауына барыңызшы, сіз лайықсыз» деп жазды. Сол оқырмандарымның хаты арқылы өз бағымды сынап көрейін деген шешімге келдім. Менің қандай да бір өнерім жоқ. Жалпы бұл жоба шығармашылықты сынайтын сайыс емес. Сенің қоғамға қандай пайдаң, септігің тиіп жатыр, осы жағынан бақ сынайсың. Белгілі бір жетістіктерге жетіп, қазақстандық әйелдерге шабыт бере алатындай жан жеңімпаз атануы керек болған. Сол үшін бұл жоба менің жүрегіме жақын болды. Мен сол үшін ғана қатысқым келді. Себебі менің бөлісерім өте көп. Мен осы жолдармен жүріп өткеннен кейін, неге өз өмір жолыммен, тәжірибеммен бөлісіп, Қазақстанның әйелдеріне шабыт бермеске деген ойға келдім, – дейді жарыс жеңімпазы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Байқауға қатысуға өтініш білдірген 400-ден астам адамның арасынан 26 әйел іріктеліп шыққан.

– Жобада ең басты талап – 30 жастан асқан болуы керек. Және оттан да, судан да өткен, өмірде қандай да бір жетістікке, жеңіске жеткен және сол жетістігін өзгелермен бөлісе алатын оқиғаң болуы керек деді. Және Баян ханым арнайы кастинг жариялаған еді. Кастингте 400-ден астам оқиғаны оқып, өзі де қатты қиналып кеткен тәрізді. Өйткені Қазақстанда сондай мықты әйелдер өте көп екен. Солардың арасынан 26 әйелді таңдап, іріктеді. Және бізді жинап, шоу жасайтынын айтып, бізге барлық өнерлеріңізді көрсетіңіздер деп талап қойды, – дейді Самал Асанова.

Байқау жеңімпазы студияда өзін үздік болуға жетелеген оқиғасымен бөлісті.

– Мен 0-ден бастап, 5 жылдың ішінде 600-ден аса адамға жұмыс беріп отырмын. Әрине, мұның бәрі үлкен еңбек. Алғашында Ақтөбе қаласынан бастадым. Қазіргі таңда 3 қалада 50-ден аса дүкенім жұмыс істеп жатыр. Мен кондитерлік өнімдер дайындап, сатамын. Мен ажырасып, 2 жасар ұлыммен Ақтөбеге қайтып келіп отырған кезім еді. Қаражат жағынан қиналып жүрдім. Алғашқы тортымды 30 жасымда пісіріп, өзіме сол іс ұнап, хобби ретінде ғана 1–2 жыл жасап жүрдім. Негізі өзім "ҚазТелеРадио" компаниясында бас маман болып жұмыс істейтінмін. Бәліш пісіру деген дүниені тіпті түсінбейтінмін де. Солай жасап бастаған соң, соның қызығына түсіп, 32 жасымда алғашқы дүкенімді аштым. Өзім несие алып, жоқтан бар жасадым десем де болады. Кішкентай пешпен, кішкентай миксермен біртіндеп бастадым. Бұл жерде қаржылық сауаттылық аса маңызды. Мен физика-математика саласын бітіргенмін. Сол білімімнің септігі тиді. Ақшаны аз кезінен бастап дұрыс қолдану, жинау арқылы ары қарай өсіріп отырдым. Солай дүкендерім де көбейе түсті, – дейді кәсіпкер.

Самал Асанова жобада жеңімпаз атану үшін 100 пайыз дайындықпен келгенін айтады.

– Мен қандай да бір істі қолыма алсам, 100 пайыз жасамай тоқтай алмайтын қасиетім бар. Менде жауапкершілік сезімі бала кезімнен өте жоғары. Әрине, әр қатысушы өзін жеңімпаз көріп қатысады ғой. Сондықтан бұл жүлдеге барлығы да лайықты. Бірақ мен де іштей өзіме қалай болғанда да бәрін 100 пайыз жасаймын деген ұстаным қойдым, – дейді ол.

Студия қонағы өзге қатысушылардың да оқиғасы өзіне қатты әсер еткенін жеткізді.

– Әр ана, өзге бір ананы түсінеді. Сол жобада 25 жыл баласын көрмеген ананың оқиғасы жүрегіме ауыр тиді. Және балаларынан айырылған 2 келіншек болды. Ол аз десеңіз, жолдастары да сол кезде тастап кеткен екен. Нағыз қиналған сәттерінде ешқандай қолдаусыз қалып қойған әйелдер қатысты. Сол оқиғалар жүрегіме қатты тиді. Себебі бала десе әр әйел түсінеді деп ойлаймын. Соған қарамастан, ол әйелдер аяққа нық тұрып, жетістікке жетіп отыр, – дейді байқау жеңімпазы.

Кәсіпкер осы жобадан соң өзінің де өзгелерге шабыт бере алатынын түсінген екен.

– Менің осы байқау арқылы түсінгенім – мен өзгелерді де шабыттандыратын бейнематериалдар түсіре бастадым. Оған дейін тек қана жұмыс туралы видео жариялайтынмын. Бұған дейін менде «Мен адамдарға шабыт беремін бе?» деген сұрақ болмаған. Ал жоба барысында бізге әлеуметтік желіде белсенді болып, осындай роликтер түсіріңіздер дегеннен кейін мен әйелдердің рухын көтеретін көптеген контенттер түсірдім. Сол кезде көп әйелдерден хаттар келіп жатты. Олар маған қиналып, не істерін білмей жүргендерін айтып, менің подкастымды көргеннен жігер алғандарын жеткізді. Сол хаттарды алғаннан кейін мен де қайта шабыттана бастадым. Неге тағы да осындай мастер-класстар, тренингтер өткізіп, өз тәжірибеммен бөліспеске деген ойға келдім, – дейді Самал Асанова.

«Алтын ханым» байқауының бас жүлдесі – Chery маркалы автокөлік. Жеңімпаз бұл сыйлықты анасына табыстапты.

– Біздің ең басты қолдаушымыз – анамыз ғой. Мен ата-анамызды әрдайым қолдап жүрейік деп айтқым келеді. Біз ешқандай дүниені ана өмірге алып кетпейміз. Сондықтан қасымызда жүрген жақындарымызды бағалайық. Біздің осылай жүргеніміз – анамыздың батасының арқасы. Мен қуанышымды ең әуелі анаммен бөліскім келдім. Сол үшін «Алтын ханым» жобасынан жеңіп алған көлігімді анама сыйладым. Анам қатты қуанды. Бұл ол үшін үлкен мақтаныш қой. Мен ең бірінші анамның ел арасындағы абыройын көтергім келді. Бірақ, енді анамды көлік жүргізуге үйретуге тура келеді, – дейді студия қонағы.

Самал Асанова «Қазіргі қазақ әйелдері қандай болу керек?» деген сауалға да жауап берді.

– Өкінішке қарай, мен ажырасқан әйелмін. Бірақ мен отбасын сақтап қалған әйелдерді өте қатты құрметтеймін. Қазіргі қазақ әйелі тек үй шаруасымен отыра бермей, білім де ала білу керек. Сен білімді болсаң, сенің осы қасиетің балаларыңа да беріледі. Қазіргі заманға лайықты әйел – отбасы мен кәсібін қатар алып жүре алатын әйел деп есептеймін, – дейді ол.

Еске сала кетейік, бүгін Моңғолияда қой қырқу бойынша ұлттық «Алтын қайшы-2025» байқауы өтті.

Соңғы жаңалықтар