Алтын құйма қалай құйылады – астанадағы зауыттан фоторепортаж

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы аффинаждау зауытында күн сайын балқытылған металдан 999,9 сынамалы алтын құймалар алынады. Таза металл. Біреуінің салмағы - 12 келі. Қазақстанның алтын қорын толықтыратын бағалы зат. Алтын құю цехындағы жұмыс несімен қызықты? Неге алтын ақшадан ауыр? Kazinform агенттігі осы және өзге де сауалдың жауабын іздеп, эксклюзивті репортаж әзірлеген еді.

алтын, золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Металлург қандай болу керек?

Сымбат Мұратбеков Өскемен қаласының тумасы. Әулетінде бұрын металлургтер болмаған. Мамандықты өзі таңдап, мемлекеттік грантпен оқыған. Елордада отбасымен тұрады. Кейінгі екі жыл балқытылған металл таза алтынға айналатын ыстық цехта еңбек етеді.

Сымбат Муратбеков
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

- Бұл жұмыс нағыз ер азаматтарға арналған. Шымыр әрі төзімді болу керек. Мұнда көп нәрсе ұжымның ұйымшылдығына байланысты. Мен үшін ұжым – екінші отбасым, - дейді.

15 жылдық тәжірибеден кейін от пен жұмыстың ыстығына әбден төселіп алғанын айтады. Кейін алтын өндіру цехын басқарып, ұжымға жетекшілік етуді армандайтынын да жасырмады.

- Әр жаңа құйма - бір топ азамат еңбегінің жемісі. Дегенмен, зауыт тек қана ер азаматтарға арқа сүйемейді, нәзік жандылар зертханада және әкімшілік бөлімде жұмыс істейді. Олардың міндеті - ешбір мәселені назардан тыс қалдырмау, - дейді маман.

Плавка золота
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Алтынның 1 грамы да шашау шығарылмайды

Кәсіпорынға кіріп-шығу оңай емес. Арнайы режим бар. Алтын бұйымдарды, телефон және басқа жеке заттарды кіреберістегі шкафқа немесе арнайы бөлмеге қалдыру қажет.

Қауіпсіздік шаралары қатаң, үш деңгейлі тексеруден өту керек. Жүйе талаптарын біз де сақтадық.

Тіпті, ауысым соңында жұмысшылардың арнайы киімі мен аяқ киім жабындары (бахила) өртеледі, себебі алтынның бір грамы да өндіріс аумағынан шықпауы тиіс.

Осы орайда айта кететін жайт, жұмысшылардың кіріп-шығу процесін фото-видеоға түсіре алмадық, себебі оған тыйым салынған.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бөгде адам кірмейді

Бұл зауыт - қоршаған ортаға зиян келтірместен, қалалық жерде металды аффинаждау өндірісін жүргізудің жарқын мысалы. Электрохимиялық тазалау әдісі артық заттарды лақтырмауға мүмкіндік береді.

Өндіріс орнына кез келген адам кіре алмайды. Журналистер де цех аумағына сирек кіреді.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Құймаға қол тигізуге болады, бірақ тек қолғаппен. Себебі таза алтын - өте сезімтал металл. Кез келген сызат, сапаға нұқсан келтіреді.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Зауыт тек қазақстандық шикізатты өңдейді, атап айтқанда Доре қорытпасы, лигатура, шлих, катодты алтын және зергерлік бұйымдар сынықтары.

Астанадағы алтын құймалар зауыты, золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Мәселен, мына фотодан ломбардтардан жеткізілген алтын әшекейлер, атап айтқанда сырға-сақина мен алқалардың 1200–1400 градус температурадағы пешке жіберіліп жатыр.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Иә, қымбат металдың құймаға айналу жолы ыстық цехтан басталады. Алдымен оны балқытып, қоспалар мен қождан тазартады. Осы сатыда жартылай дайын өнімнен анодтар алынып, электролизге жіберіледі. Ал алтын құймалар сиқыры оның құрамын зертханада нақты тексергеннен кейін басталады. Демек, сенім арт, бірақ тексер - зауыт заңы осы.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Электролиз - алтынды жоғары тазалыққа жеткізетін әдіс. Металды қышқылда ерітіп, ток арқылы қайтадан таза күйінде бөліп алады. Алдымен алтыннан анодтар дайындалады, бұл - шамамен 92% алтын бар пластиналар. Оларды титан катодтармен бірге қышқыл ерітіндіге салады.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Электр тогы берілген соң, қоспалар мен алтын арасындағы байланыс үзіледі. Алтын ерітіндіде иондар түрінде қозғалып, катодқа жеткенде таза кристалл түрінде тұнады. Артық қоспалар ерітіндіде қалады. Бұл әдіс артық балқытусыз ең жоғары сапалы, таза алтын алуға мүмкіндік береді. Тек электролиз арқылы 99,99% тазалықтағы төрт тоғыздық банктік алтын өндіріледі.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Электролизден кейін таза алтын пластиналар арнайы пеште (гранулятор) қайта балқытылып, 12 келі алтын грануласы графит қалыптарға құйылады да, туннельді пешке жіберіледі. Одан әрі дайын өнім цехына өтеді. Құймалар 1200 градуста 20 минут ішінде дайын болады.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Содан кейін құймалар бумен жуылып, спиртпен сүртіледі және жылтыратылып, техникалық бақылаудан өтеді. Егер сызат, ойық немесе жарылу анықталса, құйма қайта балқытылады. Бірақ, бұл - өте сирек кездесетін жайт.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Таңбалау құпиясы

Алтын құймаларын шығарудағы соңғы кезең - таңбалау. Бұрын ол қолмен жасалса, 2022 жылдан бастап автоматты түрде нүктелік таңбалау арқылы орындалады. Компьютерге стандарттар алдын ала енгізіліп, инемен дәл бедер салынады. Әр таңбалау 5 минут уақыт алады.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Дайын өнім цехының бастығы Руслан Сейсенбеков жаңа құйманы көрсетті.

- Міне, мұнда бәрі көрсетілген, яғни шығарылған жыл, ай, партия нөмірі және құйманың реттік нөмірі. Міндетті түрде екі мөр басылады: зауыттікі (Қазақстанда аффинаждалған алтын өндіретін тағы екі зауыт бар) және «Қазақстан» деген мөр. Сонымен қатар, алтын маркасы және тазалығы, яғни төрт тоғыздық 99,99% көрсетіледі, - дейді маман.

Дайын өнімнің жалғыз тапсырыс берушісі - Ұлттық банк. Барлық алтын еліміздің алтын қорына кетеді. Алайда, зергерлер үшін символикалық квота қарастырылған. Олар зауыттан тікелей гранулалар сатып ала алады, бір қолға ең көбі 100 грамм алтын беріледі. Айтпақшы біле жүріңіз, 98,5 сынамасымен сатылатын әшекейлердегі нақты алтын мөлшері - 92%, қалғаны басқа металл қоспалары.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Салмақты да бағалы кірпіш 

Астана қаласындағы №1 индустриялық парктің аффинаждау зауыты айына 4-5 тонна алтын өндіреді. Өндіріс көлемі тұтынушы тапсырысына байланысты өзгеріп отырады. Әр алтын құймасы қатаң бақыланады.

- Бұл ауыр әрі адал металл. Бір грамм жалған жоқ. Мұндай адамдар да сондай, - дейді зауыттың техникалық директоры Зекаил Төлеубаев.

Астанадағы алтын құймалар зауыты
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Оның айтуынша, зауытта 80 адам жұмыс істейді. 2013 жылғы ашылған күнінен бері бірде-бір жазатайым оқиға тіркелмеген, себебі тәртіп пен қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Сөз басында айтқанымыздай, үш сатылы жүйе: тексеріп кіргізу, бейнебақылау және күзет.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Әрине, зауыт басшылығынан алтын ұрлау әрекеттері туралы да сұрадық. Басшылық ондай жағдайдың болмағанын айтты.

— Алтынды зауыттан алып шығу мүмкін емес, себебі бақылау жүйесі кез келген әрекетті бірден тоқтатады. Толығырақ айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын, себебі бұл – режимдік нысан. Бұл жерде мәселе техникада емес, адамдардың адалдығында. Алтын – тек адал және еңбекқор адамдарды ғана қабылдайды, бұл - ежелден белгілі жайт, - деп түсіндірді Зекаил Төлеубаев.

Осы орайда зауыт басшылығы кәсіпорынға кіріп-шығудың оңай еместігіне тоқталды. Арнайы сканер мен бірнеше бақылау сатысы бар, олардан өткен кезде құйма алып шығу тұрмақ, пластина, ұнтақ, тіпті тозаң алып шығу мүмкін емес.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сондай-ақ өзіңізбен алтын бұйым алып кірсеңіз, ол кері шығарылмайды. Дабыл жүйесі іске қосылады да, кіргізілген әшекей зауытта қалады. Мұндай жағдай болған. Сондықтан барлық металл бұйымды, әшекей, көзілдірік пен ұялы телефонды кіреберісте қалдыру қажет.

Тағы бір қызық жайт, алтын тісі бар адам, бұл ерекшелігі туралы алдын ала ескертуі тиіс.

золото
Фото: Агибай Аяпбергенов Kazinform

Таза алтын — таза еңбек

Қазір зауытта қалдықтарды өңдейтін екі цех жұмыс істеп тұр. Біріншісі, бұрыннан бар, арнайы киім, бахила, сүзгі, алтынмен жанасқан барлық затты жағып, қайта балқытады.

Екінші цех 2023 жылдың соңында ашылған. Мұнда термиялық өңдеу қалдықтары мен шлактар өңделеді. Нәтижесінде алтын мен күмістің жоғары үлесі бар концентраттар алынады. Бұл әдіс кіріс көзі үшін ғана емес, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту үшін де қолданылады.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Әр құйманың артында ондаған адамның еңбегі тұр. Жұмысшылар үшін алтын - жай ғана қымбат металл емес, осындағы әр маманның асқан жауапкершілігін талап ететін таза еңбек.

- Алтын өзіне адал және еңбекқор адамдарды ғана жақындатады. Сондай-ақ бұл цехта жұмыс істеудің өз ерекшеліктері бар. Мысалы, бұл - өте шулы жер, жұмыс ауыр, сондықтан біздің төзімділігіміз ғана емес, қатты дауыстап сөйлейтініміз де ерекшеленіп тұрады, - дейді металлург Сымбат Мұратбеков.

золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
золото
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Айта кетейік, биыл металлургтердің кәсіби мерекесіне орай өндіріс желісінде 30 мыңыншы мерейтойлық құйма құйылыпты. Бұл естелік құйма еңбегі алтын бағасынан кем түспейтін ұжымға айтылған алғыс белгісіндей...

Соңғы жаңалықтар