Алтын орда базарында картопты бірден 70 теңгеге қымбаттатып жіберген

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бағаны тұрақтандыру мақсатында Алматы әкімдігі сатып алудың форвардтық әдісін жүзеге асырып жатыр. 

картоп
Фото: pexels.com

Алматы қаласы әкімдігінен мәлім еткендей, 9-14 қаңтар аралығында «Алтын Орда» базарындағы саудагерлер картоптың көтерме бағасын 28%-ға немесе 70 теңгеге (бір келісі 250 теңгеден 320 теңгеге дейін) қымбаттатып жіберді. 

— Павлодар және Қарағанды облыстарындағы шаруалар картоп ауруы мен ысыраптың артуын алға тартып оның бағасын өсірді. Сонымен қатар Өзбекстаннан келген кәсіпкерлердің картоптың үлкен партиясын сатып алу фактісі бар. Осыған байланысты Павлодар және Қарағанды облыстарының кәсіпкерлері тарапынан бағаны шарықтату үшін өзара сөз байласу белгілері де байқалған, - деп атап өтті әкімдіктен.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында Алматы әкімдігі сатып алудың форвардтық әдісін жүзеге асырып жатыр. 

— Картоп бағасын тұрақтандыру үшін форвардтық сатып алу аясында Алматы әкімдігі Magnum дүкендер желісінде сатылатын 9,3 мың тонна картопты белгіленген бағамен жеткізуге келісімшарт жасады. Қазір оның 1 140 тоннасы сатылды, - деп жауап берді қала әкімдігі Kazinform агенттігінің сауалына. 

Қазір аталған дүкен сөрелерінде бір келі көкөністің орташа бағасы – 157 теңге. Бұл «Алтын Орда» базарындағы көтерме бағадан екі есе төмен (320 теңге). 

Бұған дейін Назгүл Хатепова елдегі картоп бағасы алдағы 2-3 күнде тұрақтанатынын айтқан еді. 

Сондай-ақ елімізде картопты өзге елдерге экспорттауға 6 айға шектеу қойылды. 

Ал, ауыл шаруашылығы министрлігі картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар