«АЛЖИР» лагерінде 20 мыңнан астам тұтқын әйел қамауда болған

Көлік сақшылары әуелі мұражай-кешеннің ішіндегі жәдігерлермен, олардың тарихымен танысып, осы тақырыптағы қысқаметражды деректі фильмді тамашаласа, одан соң ауладағы аумақта орналасқан тұтқындарды тасыған жабық вагон, қарауыл мұнарасы мен тікенек сымдар сипатталған ескерткіштерді, «Қасірет қақпасы» атты монументті, тұтқындардың аты-жөндері тізілген тақталарды аралап көрді.
«Халық арасында АЛЖИР атанып кеткен бұл жерде алғашқыда «26-нүкте» деп аталатын орын болған. Соның негізінде 1938 жылы НКВД-ның Ақмола арнайы бөліміне (Қарағанды лагеріне) қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» пайда болды. Ол 1953 жылға дейін жұмыс істеді. Осы уақыттың ішінде мұнда тұрақты түрде 8000-дай, әкеліп-әкетілгенімен 20 000-нан астам тұтқын әйел қамауда болған. Олардың басым көпшілігі «халық жауларының» әйелдері еді. Олардың арасында лениградтық профессорлар да, Харьков опера театрының труппасы да, инженерлер де, ақындар да, сазгерлер де, дәрігер де, геолог та, мұғалім де болды. Тұтқындар өте қиын жағдайда күн кешті», - деп баяндап берді мұражай қызметкері.