Амал — алашқа ортақ мереке
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда Амал мерекесі басталды. Бүгіннен бастап өңір тұрғындары үй-үйді аралап, қазақтың дәстүрі бойынша бір-бірін құттықтап, көріседі.

Осыған орай жылдағы дәстүр бойынша Отпан тауда «Амал — алашқа ортақ мереке» мерекелік іс-шарасы бастау алып, екінші күн қатарынан кең көлемде тойланып жатыр.

Маңғыстаудағы Қара таудың ең биік шоқысының етегінде елуге жуық киіз үй тігіліп, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылса, жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерт басталды. Кеше жағылған Бірлік отынан кейін қазір мұнда ағылған жұрттың қарасын көп. Солардың арасында Ақтөбе облысынан Амал мерекесіне арнай келген Сағындық Жетіғарин да өзінің алған әсерімен бөлісті.
«Еліміздің көпшілік Наурыз мерекесін тойласа, еліміздің батыс өңірлерінде Амал мерекесі 14 наурыздан бастау алады. Әсіресе, бұл күнді Маңғыстауда ерекше тойлайтыны көпшілікке белгілі. Жыл бастауы саналатын бұл күн — ұлттық мерекеге айналуы керек. Еліміз аман болып, осындай қуанышты күндерді атап өтудің өзі бір үлкен бақыт. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, — деді ақтөбелік Сағындық Жетіғарин.

Кеше Отпан тауда республикалық «Амал — алашқа ортақ мереке» іс-шарасына Түркия, Өзбекстаннан да арнайы меймандар келіп қатысты. Түркия Республикасы «Қырғыз, Түрік, Манас» университетінің оқытушысы, профессор Ирфан Гөрдал амал туралы ойымен бөлісті.
«Түркі халықтарында Наурыздың орны ерекше. Маңғыстауға алғаш рет келіп отырмын. Амал мерекесіне шақырғанына көп рахмет. Біздің Түркияда ежелден бері наурыз мерекеледі. Соңғы 15-20 жылда тағы бір биік деңгейге көтерілді. Амалға осыншалықты мән беріп, Наурыз алдындағы дайындық деп ой түйдім», — деді Ирфан Гөрдал.

Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет саласының қызметкері, жыршы, өнер саласының магистры Махаммад Эшбоев Амалдың маңызын атады.
«Ата-бабамыздың түбі бір. Тойларымыз бен өзге де қуанышты атап өту дәстүріміз ұқсас. Қазақстанда әнші-жыршысыз той өтпейді. Сол орайда Наурызды өзбек пен қазақ қатар тойлайды. Ал Амал мерекесінің бірер апта бұрын ерте басталып, тойлануы бізді ерекше қызықтырады. Қазақ халқының өзіндік дәстүрін, болмысын, той тойлау үрдісін көріп, елге барғанда айтып жүремін», — деді Махаммад Эшбоев.

Кеше Отпан тауда мерекеге орай кешкілік Бірлік оты жағылған болатын. Аталған рәсімге өңір тұрғындарымен бірге облыс әкімі бастап, өзге өңірлерден келген бірқатар құрметті қонақтар арнайы қатысты.