Америкалық сарапшылар «Қазақмыс» компаниясындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін бағалауға кірісті

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақмыс» корпорациясы АҚШ-тың JMJ Associates компаниясымен бірлесіп өндірістегі қауіпсіздік жүйесіне терең талдау жүргізуді қолға алды. Жобаның басты мақсаты – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәдениетін корпоративтік құндылық деңгейіне көтеру.

 «Қазақмыс» корпорациясы
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

«Қазақмыс» корпорациясында өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жаһандық талдау басталды. Компания барлық өндірістік алаңда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында стратегиялық аудит жүргізу үшін JMJ Associates (АҚШ) халықаралық консалтингтік ұйымымен келісімшартқа отырды.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев JMJ өкілдерімен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Бұл жоба корпорацияның барлық кәсіпорнын қамтиды және басты міндеті – қауіпсіздік мәдениетін орнықтыру, яғни қызметкерлердің әрқайсысы өз өмірі мен әріптестерінің амандығын жеке жауапкершілігі деп қабылдауы.

– Біз бұл аудитті тек рәсімдік тексеріс деп емес, компанияның болашағына – қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге жасалған стратегиялық инвестиция ретінде қарастырамыз, – деп нақтылады Нұрахмет Нуриев.

 «Қазақмыс» корпорациясы
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

JMJ Associates компаниясы корпоративтік мәдениет пен көшбасшылықты дамыту саласында 35 жылдан астам тәжірибеге ие. Қазақстандағы бөлімшенің жетекшісі Ренат Сәлімғалиевтің айтуынша, жоба ең алдымен жан-жақты диагностикадан басталады. Бұл кезеңде қызметкерлермен сұхбат жүргізіліп, өндірістік нысандарда бақылау жасалып, барлық бизнес-үдеріс егжей-тегжейлі талданады. Мұндай тәсіл қауіпсіздік жүйесінің күшті және әлсіз жақтарын нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі жұмысы екі стратегиялық бағытқа шоғырланады:

Қауіпсіздікке жеке жауапкершілікті қалыптастыру. Бұл бағытта басшылар өз іс-әрекетімен үлгі көрсетіп, ұжымда өзара сенім мен ашықтық ахуалын нығайту көзделген.

Қауіпсіз еңбек ортасын құру. Тәуекел көздерін жою, өндіріс орындарында жүйелі шешімдер енгізу арқылы ережелерді сақтау табиғи әдетке айналмақ.

– Жоба бірнеше жылға жоспарланған. Біз барлық деңгейдегі қызметкерді оқытамыз, ішкі көшбасшылар мен қауіпсіздік амбассадорларын дайындаймыз. Мақсатымыз – жоба аяқталғаннан кейін де компания ішінде қауіпсіздік мәдениетінің дамуын қамтамасыз ету, – деді Ренат Сәлімғалиев.

 «Қазақмыс» корпорациясы
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

JMJ Associates өкілдері бұл серіктестік корпорация ішінде сенім мен өзара құрметті арттырып, өндірістегі жарақаттар мен оқыс оқиғалар санын азайтуға ықпал ететініне сенімді. Осылайша қауіпсіздік – жұмыс үдерісінің ажырамас бөлігіне, әр қызметкердің сана-сезіміне сіңген әдетке айналмақ.

Нұрахмет Нуриев атап өткендей, жобаға басқарудың барлық деңгейі – қатардағы басшылардан бастап, топ-менеджментке дейін белсенді түрде тартылады.

– Аудит қорытындысында 2028–2029 жылдарға арналған қауіпсіздік жүйесін жетілдірудің ұзақмерзімді бағдарламасы әзірленеді. Мақсатымыз – қауіпсіздік ережелерін сақтау автокөлікте белдік тағу сияқты табиғи дағдыға айналуы, – деді корпорация басшысы.

Жобаның нәтижесінде компанияда қауіпсіздік мәдениетінің жаңа деңгейі қалыптасады. Бұл бағыттағы шаралар қызметкерлердің қатысуымен жүзеге асырылады, ал ішкі көшбасшылар мен тәлімгерлер қауіпсіз жұмыс істеу тәжірибесін ұжым ішінде насихаттайтын негізгі тұлғаларға айналады.

«Қазақмыс» осылайша халықаралық стандарттарға сай өндірістік қауіпсіздік жүйесін нығайтып, тұрақты және жауапты өндіріс мәдениетін қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Компания басшылығының пікірінше, қауіпсіздік – тек еңбек шарты емес, корпоративтік табыстың басты кепілі.

Осыған дейін «Қазақмыс» компаниясы геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды өндіру саласына цифрлық технологияларды енгізу арқылы өндіріс тиімділігін жаңа деңгейге көтеріп жатқаны жайлы хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар