Америкалықтар Панама каналы айналасындағы негізгі порттарды бақылауға алады

АСТАНА. KAZINFORM – Гонконгтың Hutchison холдингі АҚШ президенті Дональд Трамп тарапынан болған қысымнан кейін Панама каналы аймағындағы екі негізгі портты бақылауды америкалық консорциумға беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС. 

Америкалықтар Панама каналы айналасындағы негізгі порттарды бақылауға алады
Фото: Bloomberg

CK Hutchison Holdings компаниясының мәлімдеуінше, каналдың екі жағындағы «Бальбоа» және «Кристобаль» порттарын басқаратын Panama Ports компаниясының 90 пайыздық үлесін америкалық BlackRock инвестициялық фирмасы басқаратын консорциумға сатады. 
Құны 14 млрд доллардан асатын мәміле шарттарына сәйкес, америкалықтар Ұлыбритания, Германия, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияны қоса алғанда, 23 елдегі 43 порт пен инфрақұрылымды басқаратын Hutchison еншілес компаниялары активтерінің 80 пайызын бақылауға алады.

Талдаушылардың пікірінше, негізгі порттарға бақылауды беру туралы шешім Американың жаңа әкімшілігінің қысымына байланысты қабылдануы мүмкін. Дональд Трамп президенттігінің алғашқы күндерінде каналды Қытай бақылап отыр деп дәлелсіз мәлімдемелер жасап, оны АҚШ бақылауына қайтарамыз деп қорқытты. 

Трамп тіпті күштеп басып алу мүмкіндігін де жоққа шығарған жоқ, бұл Панама билігі мен жергілікті тұрғындардың ашулы реакциясын тудырып, халық көшеге шығып наразылық білдірді. 

Сатушылар мен сатып алушылардың бірлескен баспасөз релизінде бұл мәміленің саясатқа қатысы жоқ екені айтылған. 

— Мен бұл мәміле тек коммерциялық сипатта екенін және Панама порттарына қатысты соңғы саяси жаңалықтарға мүлдем қатысы жоқ екенін атап өткім келеді, — деді Hutchison басшыларының бірі Фрэнк Сикт. 

Панама үкіметі мәмілеге еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

— Бұл өзара мүдделерді басшылыққа алатын жеке компаниялар арасындағы жаһандық мәміле, — делінген Панама билігінің мәлімдемесінде, деп жазды AFP. 

— Hutchison Панама сияқты олардың мүдделерін басқа жерде жүзеге асыру стратегиялық тұрғыдан дұрысырақ болатыны туралы белгілерді оқыған сияқты, — деп келтірді Bloomberg АҚШ армиясы әскери колледжінің профессоры Эван Эллистің сөздерін. 

Bloomberg өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі мен конгресі бұл келісім туралы хабардар болғанын, бірақ америкалық билік тарапынан әзірге ешқандай түсініктеме болмаған. Мәміленің аяқталуы Панама билігінің мақұлдауын қажет етіп отыр. 
Панама каналы негізінен АҚШ қаражатына салынып, 1920 жылы ресми түрде ашылды. Көптеген жылдар бойы ол американдық бақылауда болды, бірақ 1999 жылы Вашингтон каналды толығымен бақылауды Панамаға берді.

Еске салайық, Панама президенті Хосе Рауль Мулино АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен келіссөздерден кейін ел үкіметі Қытаймен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумды жаңартпайтынын айтқан.

Бұған дейін Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың Панамаға, сондай-ақ Гватемала, Сальвадор, Коста-Рика және Доминикан Республикасына баратыны хабарланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар