Әмір Омарханов кәсіби жолында алғашқы титулына қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 18 жастағы Әмір Омарханов Монастир (Тунис) ITF M15 турнирінде үздік шықты.
Дүниежүзілік рейтингіде 1115-орында тұрған Әмір Омарханов финалда әлемнің 824-ракеткасы, тағы бір германиялық, 18 жастағы Макс Шонхауспен кездесті.
Бірінші партияда Әмір 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде Шонхаус дәл сондай есеппен есе қайырды — 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Ә.Омарханов жеңісті жұлып алды — 6:4.
Тартысты бәсекеде Әмір шешуші сәттерде табандылық танытып, таразы басын өзіне аудара білді.
Жасөспірімдер арасында әлемнің 2-ракеткасы М.Шонхаус өткен аптада Тунисте өткен ересектердің ITF M25 жарысында жеңімпаз атанған еді.
Бұл жолы ол Омархановқа жол берді.
Осылайша, қазақстандық теннисші ересектер арасында кәсіби жолында алғашқы титулына қол жеткізді.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі Әмір Омарханов бастапқыда белгілі бапкер Петр Нестеровтің қоластында жаттықты. Қазіргі кезде Риккардо Пьятти академиясында шеберлігін жетілдіріп келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әмір Омархановтың Тунистегі турнирде бас жүлде үшін таласатынын жазған едік.