Ана мен бала өлімін 6 есе төмендете алдық — Премьер-Министр
АСТАНА. KAZINFORM — 1 қарашаға дейін заманауи перинаталдық орталықтар құжаттамасы әзірленіп, Шымкент пен Қарағандыда құрылысты бастау қажет. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов тапсырма берді.

Оның айтуынша, Президент ана мен бала өлімін төмендетуді денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды басымдығы ретінде айқындап берді. Бұл көрсеткіштер өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне әсер етеді.
— Жалпы алғанда, қабылданған шаралар ана мен бала өлімі көрсеткіштерін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл – медицина қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі. Ауылдық жерлерге білікті кадрларды тарту және оларды орнықтыру болашақ аналар мен балалар үшін қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар акушерлерді, гинекологтар мен неонатологтарды, педиатрлар мен реаниматологтарды жетекші отандық және шетелдік орталықтарда тұрақты түрде оқыту мен қайта даярлау жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажет, — деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Үкімет басшысы елордада және өңірлерде жетекші клиникалар базасында оқу орталықтарын дамытып, мамандарды үздіксіз оқыту бағдарламаларын енгізу керегін атап өтті.
Қауіпсіз босану жағдайын жақсарту бойынша да тұрақты жұмыс жүргізілуі қажет. Ең алдымен, бұл перинаталдық орталықтарды заманауи жабдықтармен қамтуға қатысты.
— Соңғы жылдары ана мен бала өлімін 6 еседен астам төмендете алдық. Мемлекет басшысы заманауи перинаталдық орталықтар құрылысын жалғастыруды тапсырды. Биылғы жылдың 1 қарашасына дейін барлық қажетті құжаттаманы дайындауды аяқтап, Шымкент пен Қарағандыда осындай орталықтардың құрылысын бастау қажет. Әйелдерді жүктілікке дайындауға, ауруларды уақтылы диагностикалау мен сауықтыруға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасын сапалы әрі барлық өңірде толыққанды іске асыру керек, — деді О. Бектенов.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімі көрсеткіші 26%-ға төмендеді.
Ауылдық жерлерде жоғары сын-қатер тобындағы жүкті әйелдерді емдеуге жатқызуға, асқынған босанудан кейінгі кезеңде әйелдерді оңалтуға арналған «Салауатты ана» пансионаттары ашылуда.
Бұған дейін Ақмарал Әлназарова ауылдық жерлердегі медициналық кадр тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін айтып берген еді.
Сондай-ақ еліміздің 18 облысында перзентханалар жаңғыртылып, 12 қалада заманауи перзентханалар салынатын болды.