Ана мен бала өлімін азайту үшін қандай шаралар жасалды – ҚР ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері елімізде ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімі көрсеткіші 26%-ға төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында айтты.

Министрдің айтуынша, елімізде 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспары бекітілген. Сондай-ақ елімізде ана мен бала денсаулығы бойынша Орнықты даму мақсаттарының индикаторларына қол жеткізілген.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің перинаталдық көмекті өңірлендіру және ана қауіпсіздігі қағидаттарының тиімді технологиялары бойынша ұсынымдарын енгізу арқылы 2024 жылы ана өлімінің көрсеткіші 12%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 11%-ға төмендеген. Ал биылғы 6 айда ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімі көрсеткіші 26%-ға төмендеді, – деді министр бүгінгі Үкімет отырысында.
Бұл көрсеткіштерге жету үшін бірқатар жүйелі шара қабылданған. Еліміз ана мен балаға медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізіп, стандарттар мен клиникалық хаттамаларды пысықтаған (акушерия саласында 25 және педиатрия бойынша 20 хаттама).
– 2024 жылдың 1 маусымында босандыру, акушерлік операциялар, салмағы төмен жаңа туған нәрестелерді күту және педиатриялық бейіндердің тарифтері ұлғайды. Мысалы, диагноздардың ауырлығына қарай кесарь тілігін жасау қызметі 323 мың теңгеден 440 мың теңгеге дейін (36%) ұлғайды. Осы мақсатқа қосымша 20 млрд теңге бөлініп, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін төмендетуге және нақты шығындарын өтеуге, қымбат препараттарға қолжетімділікті жақсартуға, тәжірибелі мамандарды тұрақтандыруға жағдай жасалды, – деп атап өтті А. Әлназарова.
Босанғаннан кейінгі қан кетудің алдын алудың жаңа әдістері енгізілді, нәтижесінде биыл органды сақтап қалу операциялары 20%-ға артқан.
Медициналық авиация желісі бойынша дер кезінде және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету шаралары ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96%-ын құтқарып қалған.
Өткен жылдан бастап босандыру және балаларға арналған ұйымдардың медициналық техникамен жабдықталуы 87% дейін жақсарып, тозу көрсеткіші 37% дейін төмендеген.
Бұған дейін Ақмарал Әлназарова ауылдық жерлердегі медициналық кадр тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін айтып берген еді.