Анамды іздегеніме 6 айға таяды – Жәнібек Жұмағұлов
АСТАНА. KAZINFORM – Бельгия азаматы асырап алған 22 жастағы Жәнібек Жұмағұлов (Джани) Қазақстанда туған анасын іздеп жатыр. Әзірге анасын табу мүмкін болмай тұр. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.

«Туған анамды іздегеніме 6 айға жуық уақыт өтті. Анамдай болып кеткен Қымбат апайым (Қымбат Досжан) және әпкемдей болған Әсел және Арқалық полициясы іздеуді тоқтатқан емес. ДНҚ зерттеулері үздіксіз тапсырылып, тексеріліп жатыр. Мен үшін маңызды саналған осынау іздеу жұмыстарына атсалысқан барша жанашырларыма алғыс айтамын», - деген жазба қалдырды ол Instagram парақшасында.
Сондай-ақ Жәнібек асырап алған анасының ауырып қалғанын айтты.
«Өзіме келер болсам, кейінгі кезде жағдайым жақсы болды деп айта алмаймын. Асырап алған анамның денсаулығы нашарлап, қатты қиналып жатыр. Мен оған екеуміздің бірге жариялаған алдыңғы бейнеролигіміз үшін сіздердің жазған жүрекжарды пікірлеріңізді оқып бердім. Бірақ мұның бәрі уақытша көңілін аулау екенін түсінемін. Жоспарым туралы айтар болсам, алдағы уақытта менің балалық шағымнан (балалар үйі) хабар беретін әдемі және қызықты бейнебаян жариялаймын. Алла қолдасын, жақында өздеріңізбен қайта кездесемін деп үміттенемін!», - деп жазды ол.
Еске сала кетейік, бельгиялық Жәнібек Жұмағұловтың туған анасын табуға қатысты еліміздің Бас прокуратурасына өтініш жібергені туралы хабарлаған едік. Сондай-ақ Қазақстанға қайта келген ол Астанадағы балалар үйіне барған еді.
Жәнібек елімізге туған анасын іздеп келген және Қазақстанға келу үшін 6 ай бойы табысын үнемдеп, ақша жинаған. 21 жастағы азамат әлеуметтік желіде туған анасын іздеу туралы видео хабарламада өзін «Джани» деп таныстырған.