Анасын өлтіріп, әжесін жарақаттады: Ақтөбеде оқушының неліктен мұндай қылмысқа барғаны белгілі болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмағанның ісі бойынша сот алды тыңдауы өтті. Прокурор қылмыстық істің қалай болғанын баяндап берді. 

Анасын өлтіріп, әжесін жарақаттады: Ақтөбеде оқушының неліктен мұндай қылмысқа барғаны белгілі болды
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Оқушы сол кезде мемлекеттік емтиханға дайындалып жүрген.

— Ақтөбе қаласындағы № 28 орта мектепте білім алып жүрген баланың оқу үлгерімі нашарлаған соң анасы жеке мектепке ауыстырады. Алайда сабақ үлгерімі жаңа мектепке барған соң да жақсармады. Анасы мен баласы арасында келіспеушілік болған. 2025 жылы 1 желтоқсанда сағат 23:00 шамасында ол анасы, әжесі, інісімен бірге тамақтанады. Кейін оқушы емтихандағы таңдау пәні ұнамайтынын және өзі үшін ата-анасының таңдау жасағаны туралы ойын білдіру мақсатында анасы жатқан бөлмеге жақын барып, сөйлесіп, жеткізген. Алайда анасы құлақ аспай, мән бермей, төсегінде жата берген. Баласы ас бөлмесінде су ішіп отырған кезде анасы жанына барып, сөзінің дұрыс емес екенін айтады. Сол кезде оқушы қол жуатын орынның қасындағы шкафтан пышақты көріп, шизофрения дертіне байланысты психикалық жағдайы тұрақсыз күйде анасын бөлмесіне дейін қуып барып, денесінің әр бөлігіне пышақ салған. Анасы оқиға орнында көз жұмады, — деді прокурор Елдар Абиев.

Немересінің қылмыс істеген сәтін көріп, оны тоқтатпақ болған қария да пышақ жарақатын алды. Ауруханаға жатқызылып, ем қабылдады. Сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша жасөспірімге параноидты шизофрения диагнозы қойылған. Ол облыстық психикалық денсаулық сақтау мекемесінде жатыр.

Іс бойынша екі жәбірленуші бар. Олар пышақ жарақатын алған әжесі және анасының бауыры, яғни нағашысы. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің маманы сотқа оқушының заңды өкілі ретінде қатысады.

Айта кетейік, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі, 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен қаралады. Басты сот талқылауы келесі аптада болады.

Еске салсақ, сол кезде оқушы 16 жаста болды. Толық отбасында тәрбиеленді және әлеуметтік жағдайы жақсы деп бағаланды