Андрей Голубев жұптық сында Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты

А.Голубев нидерландылық Робин Хасемен бірге алғашқы матчын бразилиялық Марсело Демолинер – мексикалық Сантьяго Гонсалеспен өткізді.
Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда М.Демолинер мен С.Гонсалестің жолы болды – 7:6 (8:6).
Есесіне екінші және үшінші сетте А.Голубев пен Р.Хасе қос брейктің арқасында 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 10 минутқа созылды.
Қазақстандық-нидерландылық жұп үшінші айналымға шығу үшін осы жарыстың 7-ракеткалары, ұлыбританиялық Джейми Маррей – бразилиялық Бруно Соарес немесе америкалық Николас Монро – канадалық Вашек Поспишил жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың жұптық сында жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик әлемнің 21-ракеткасын ұтып, үшінші айналымға өтті.