Анна Данилина Хобарт жарысының ширек финалына жолдама алды

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Анна Данилина Хобарт (Аустралия) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform. 

Анна Данилина Хобарт жарысының ширек финалына жолдама алды
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Өткен аптада Окленд (Жаңа Зеландия) WTA 250 жарысында жеңімпаз атанған А.Данилина бұл жолы украиналық Надежда Киченокпен жұп құрып, Хобартта 4-ракетка болып тіркелді.

Қазақстандық-украиналық жұп бастапқы кездесуін Беларусь өкілі Лидия Морозова – поляк қызы Катажина Питермен өткізді.

Бірінші партияда А.Данилина – Н.Киченок 7:5 есебімен басым түсті.

Олар екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Дегенмен есеп 5:4 болып, матчқа доп бергенде, Л.Морозова – К.Питер брейк жасап кетті. Есесіне тай-брейкте Анна мен Надежда ұпай ұстатқан жоқ – 7:6 (7:0).

Бір сағат 40 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-украиналық жұп 2 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін өз есептеріне жазды. Л.Морозова – К.Питер 2 эйс, 2 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.

Анна Данилина – Надежда Киченок жартылай финалға шығу үшін аргентиналық Надя Подороска – мысырлық Маяр Шерифпен таласады. Бұл дуэт алғашқы айналымда ресейлік Яна Сизикова – тайбэйлік У Фан-сяньды 7:5, 1:6, 10:6 есебімен тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Буэнос-Айресте негізгі турнирге өткенін жазған болатынбыз.

Аустралия ашық чемпионаты қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз басталды.

Юлия Путинцева Хобартта ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды.

Соңғы жаңалықтар