Анна Данилина қатарынан үш жарыстың финалында ұтылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Ноттингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің финалында ойнады.

Жапониялық Эна Сибахарамен жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші осыған дейін Ролан Гаррос пен Лондон WTA 500 жарысының финалына дейін жеткен еді.
Бұл жолы Анна Данилина – Эна Сибахара соңғы бәсекеде доданың 3-ракеткалары, бразилиялық Беатрис Хаддад-Майя – германиялық Лаура Зигемундпен чемпиондыққа таласты.
Бірінші партияда бразилиялық-германиялық жұп басымдылық танытты – 6:3. Екінші сетте де олар 2:0 есебімен алға кетті. Ақыры жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Сибахара 8 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды. Хаддад-Майя – Зигемунд 2 эйс, 5 брейкпен (10 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Осылайша, Анна Данилина қатарынан үш жарыстың финалында жеңіліп қалды.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің жекелей сындағы 27-ракеткасы Юлия Путинцева Бад-Хомбург WTA 500 турнирінің алғашқы айналымында дүниежүзілік рейтингіде 86-орында тұрған грекиялық Мария Саккариге жол берді – 5:7, 6:7 (6:8).
Мұның алдында Юлия Путинцева Ноттингем жарысының екінші айналымынан аса алмаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Испаниядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик Галле турнирінің екі дүркін чемпионы атанды.