Анна Данилина Лондон турнирінің финалында ұтылып қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Лондон (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінде өнер көрсетті.

Анна Данилина Лондон турнирінің финалында ұтылып қалды
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші ресейлік Диана Шнайдермен бірге жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген еді.

Олар финалда доданың 4-ракеткалары, америкалық Айша Мухаммад – нидерландтық Деми Схурспен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Америкалық-нидерландтық жұп ширек финалда қазақстандықтар Юлия Путинцева – Елена Рыбакинаны (6:1, 7:5) есебімен қапы қалдырған еді. Содан кейін жартылай финалда турнирдің 1-ракеткалары, украиналық Людмила Киченок – жаңазеландиялық Эрин Рутлифті айқын басымдықпен ұтты – 6:1, 6:2.

Ал А.Данилина үшін бұл қатарынан екінші финал еді. Қазақстандық теннисші осының алдында спорттық жолында алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің финалына дейін жетті.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 5:4 болып, қазақстандық-ресейлік жұп сетке доп бергенде, сол мүмкіндікті пайдалана алмады - 5:7.

Екінші сетте олар 5:1есебімен алға кеткенімен, қарсылас дуэт таразы басын теңестірді. Дегенмен тай-брейкте Данилина - Шнайдер басымдылық танытты - 7:6 (7:3).

Супер тай-брейкте америкалық-нидерландтық жұп дес бермеді - 10:4.

Тартысты матч 1 сағат 45 минутқа созылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Лондон турнирінде чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар