Анна Данилина Токио турнирінің финалында есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 13-ракеткасы Анна Данилина Токио (Жапония) WTA 500 турнирінің финалында өнер көрсетті. 

Анна Данилина Токио турнирінің  финалында есе жіберді
Фото: ҚТФ

Данилина мен сербиялық Александра Крунич жарыстың 3-ракеткалары болып тіркелген еді. Ал олардың финалдағы қарсыластары, мажарстандық Тимея Бабош пен бразилиялық Луиза Стефани 4-ракеткалар болатын.

Өткен аптада Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінің финалына дейін жеткен мажарстандық-бразилиялық жұп матчты қарқынды бастады – 6:1.

Екінші сетте олар 2:2 болғаннан кейін күш алып кетті. Дегенмен есеп 5:2 болып, матчқа доп бергенде, Данилина – Крунич қайыра брейк жасай алды. Әйтсе де Бабош – Стефани дегеніне жетті – 6:4. 

Бір сағат 12 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Крунич 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Бабош – Стефани 4 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, Анна Данилина биыл үшінші рет WTA 500 турнирінің финалисі атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жылдың қорытынды турниріне жолдама алғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Анна Данилинаның Токио турнирінің чемпиондық атағы үшін таласатыны хабарланды. 

Соңғы жаңалықтар