Апат жиі болатын Қызылорда-Ақтөбе тасжолында полиция қызметі күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қызылорда-Ақтөбе республикалық жолдағы апаттан өлім-жітімнің жиілеуіне алаңдаушылық танытты.
— Өкінішке қарай, бұл мәселе өзекті болып тұр. Тасжол екі жолақтан тұрады және жүк көліктері көп жүреді. 3 мың көлікке арналған жолда қазір 16 мың көлік өтеді. Жол апаты тыйылмай тұр. Осыған байланысты бұл жолда полиция қызметкерлерінің санын көбейтіп, 2 кезекшілік қостық. Осылайша жүк көліктерінің бір нүктеден екінші нүктеге жетуін қамтамасыз етіп отырмыз. Мәселе бақылауда. Жолда тәулігіне 16 мың көлік жүреді, сондықтан қауіп бар, — деді Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызмет алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің мәліметінше, биыл Қызылорда-Ақтөбе тасжолында 200-ден аса көлік апаты тіркелген.
— Өкінішке қарай, 11 адам қаза болды. Қауіпсіздікті қамту мақсатында полициямен бірлескен жұмысты жалғастырамыз, — дейді ол.
Еске салайық, Ақтөбе мен Атырау шекарасына дейінгі аралықта құрылыс толық аяқталды. Құрылыс үш жыл бойы жүрді.