Apple 4 наурызда қандай жаңалықтар ұсынады

АСТАНА. KAZINFORM – Apple компаниясы 2026 жылғы алғашқы ірі техника таныстырылымын жариялады. Іс-шара 4 наурызда өтеді және алдын ала мәліметтерге сәйкес, жыл басындағы ең ауқымды премьералардың біріне айналуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform.

Apple
Фото: Азертадж

Special Apple Experience деп аталатын презентация бір мезгілде үш қалада – Нью-Йорк, Шанхай және Лондонда өтеді. Журналистерге жіберілген шақыртуларда сары, жасыл және көк түсті дискілерден құралған үшөлшемді Apple логотипі бейнеленген.

Басты мобильді жаңалық ретінде iPhone 17e моделі аталып отыр. Бұл жаңа буындағы ең қолжетімді нұсқа болуы мүмкін. Инсайдерлік мәліметтерге сәйкес, құрылғы:

– 6,1 дюймдік дисплеймен және жұқартылған алюминий жиектермен;
– бұған дейін тек жоғары санаттағы модельдерде болған Dynamic Island ойығымен;
– стандартты iPhone 17-де алғаш рет таныстырылған A19 процессорымен;
– қуаты 15 Вт-қа дейінгі MagSafe магниттік қуаттау қолдауымен жабдықталады.

Негізгі камера 48 мегапиксель рұқсаттылығын және екі еселік оптикалық зумды сақтайды. Ал алдыңғы камера 18 мегапиксельді жаңа сенсор мен Center Stage функциясына ие болады деп күтілуде. Бастапқы бағасы 599 АҚШ долларынан басталуы мүмкін. Ресми таныстырылым дәл 4 наурызда өтеді.

Планшеттер қатарында базалық iPad пен iPad Air нұсқалары жаңартылады деп күтілуде. Базалық iPad A16 орнына A18 чипіне көшіп, алғаш рет Apple Intelligence платформасының функцияларын ұсынады. Ал iPad Air M3 процессорынан анағұрлым қуатты M4-ке ауысуы ықтимал.

Компьютерлік бағытта M5 Pro және M5 Max процессорларымен жабдықталған жаңартылған MacBook Pro модельдері таныстырылады. Сонымен қатар компания тарихындағы бағасы 1000 доллардан төмен алғашқы қолжетімді MacBook-тың дебюті басты оқиғаға айналуы мүмуін. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның бағасы шамамен 700 доллардан басталады.

Құнын төмендету үшін компания бірқатар ымыраға баруды көздеп отыр. Атап айтқанда, M-сериясының орнына A18 мобильді чипі қолданылып, дисплей диагоналі 13 дюймнен кіші болады және құрылғы архитектурасы жеңілдетіледі. Соған қарамастан ноутбук алюминий корпусын сақтайды. Ол үшін өндірістің жаңа, үнемді әдісі әзірленген. Модель студенттер мен корпоративтік клиенттерге бағытталып, ашық, бірақ ұстамды түстерде ұсынылады.

Бұдан бөлек, Mac компьютерлеріне арналған жаңа сыртқы дисплейлер, жаңартылған Apple TV приставкасы және HomePod mini ақылды колонкасы таныстырылады. Сарапшылар көктемгі презентацияны соңғы уақыттағы ең елеулі технологиялық оқиғалардың бірі ретінде бағалап отыр.

Айта кетейік, Apple сатылымы 16%-ға өскені хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум