Apple басшысы Трампқа алтын тұғырдағы әйнек кәдесыйын тарту етті
АСТАНА. KAZINFORM — Apple компаниясының бас директоры Тим Кук Дональд Трампқа 24 караттық алтыннан жасалған тұғыры бар, аты жазылған ерекше әйнек кәдесыйын сыйға тартты, деп жазды Business Insider.

Кәдесый — дөңгелек пішінді әйнек диск, оның бетінде Трамптың есімі, Apple логотипі және Тим Куктың қолтаңбасы қашалып жазылған.
— Бұл — Corning компаниясының конвейерінен шыққан әйнек. Гравюра арнайы президент Трамп үшін жасалды, — деді Кук Ақ үйдегі рәсім кезінде журналистерге. — «Бұл бірегей дүние, жалғыз дана».
Тим Куктың айтуынша, әйнек Кентукки штатында, ал тұғыр Юта штатында жасалған. Ол сонымен қатар Apple компаниясы жақын арада iPhone және Apple Watch құрылғыларына арналған барлық әйнекті Кентуккидегі жаңа зауытта өндіретінін айтты. Бұл зауыт смартфондарға арналған әйнек өндіретін ең ірі және озық желіге айналмақ.
Сондай-ақ, миллиардер «American Manufacturing Program (AMP)» деп аталатын жаңа бағдарламаны іске қосатынын мәлімдеді және АҚШ-тағы өндіріс секторына инвестиция көлемін 600 млрд долларға дейін арттырды. Бұл бұған дейін уәде етілген сомадан 100 млрд долларға көп. Тим Куктың айтуынша, осы инвестициялар аясында жақын болашақта iPhone мен Apple Watch үшін барлық қорғаныш әйнектер 100% АҚШ-та өндіріледі.
Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп, ел ішінде өндіріс ашқан немесе ашуды жоспарлаған компаниялар 100% импорттық тарифтерден босатылатынын айтты:
— Apple сияқты АҚШ-та дамып жатқан компаниялар үшін жақсы жаңалық: егер сіз өндірісті АҚШ-та құрсаңыз немесе соған міндеттеме алсаңыз — ешқандай кедендік төлем болмайды, — деді Трамп.
Айта кетейік, бұл сыйлық туралы жаңалық саяси және іскерлік ортада кең талқылау тудырды.
Бұған дейін Дональд Трамп жартылай өткізгіштерге 100% кедендік баж салығы енгізетінін жариялаған болатын.