Apple, Microsoft, Tesla: БЖЗҚ активтері қандай шетелдік акцияларға салынған

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының доллармен сақталатын активтері қандай шетелдік эмитенттерге салынғанын атады.

пенсионеры пенсии
Фото: Мұхтар Холдорбеков/МИА "Казинформ"

- 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің шамамен 40%-ы (17,2 млрд доллар немесе 9 трлн теңге) валютамен сақтаулы. Портфельдің валюта бөлігі шетелдің негізгі актив кластарына инвестицияланады. Оларға АҚШ қазынашылық облигациялары, дамушы елдердің мемлекеттік облигациялары, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар мен акциялар жатады, - деді Ұлттық банк өкілі Сенатта өткен дөңгелек үстелде.

Сондай-ақ, ол доллармен сақтаулы активтер қандай танымал компаниялардың акциясында жатқанын айтты.

- Валюталық портфельдің активтері индекстік негізде басқарылады, индекс таңдаулы инвестиция нарығындағы көптеген бағалы қағаздан тұрады. Мысалы, акциялар индексі Apple, Microsoft, Tesla және басқа да компаниялардың 1 000-нан астам эмитентінен құралады, - деді Нұржан Тұрсынханов.

БЖЗҚ-нің теңгемен сақтаулы портфелінің көлемі 13,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл бүкіл активтің 60%-ы деген сөз. Оның шамамен 70%-ы мемлекеттік бағалы қағаздарға, 15%-ы квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына, 7%-ы банктердің облигацияларына салынған.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы қандай жобаларға инвестицияланатынын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар