Apple Ұлыбританияда санкцияларды бұзғаны үшін айыппұл арқалады
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания билігі америкалық Apple компаниясына антиресейлік санкцияларды бұзғаны үшін 390 мың фунт стерлинг (шамамен 516 мың АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Ұлыбританияның Қаржылық санкцияларды іске асыру басқармасы (OFSI) мәлімдеді, деп ТАСС агенттігі жазды.
Айыппұл салуға «лицензиясыз санкцияға іліккен тұлғаға ақша қаражатын беру» себеп болған.
Мәліметке сәйкес, айыппұл Apple Distribution International Ltd. (ADI) компаниясына қатысты қолданылған. Тергеу барысында ADI Ресейдің Okko мультимедиялық сервисіне жалпы сомасы 635,62 мың фунт (шамамен 841 мың доллар) көлемінде екі төлем жасағаны анықталған. Бұл төлемдер 2022 жылдың маусым және шілде айларында жүргізілген.
ADI — Ирландияда тіркелген Apple компаниясының еншілес ұйымы, ол Еуропа мен Таяу Шығыстағы бизнесті жүргізуге жауапты. Компания бұл ықтимал заңбұзушылық туралы британдық қадағалау органына өзі хабарлаған.
2022 жылдың мамыр айында Сбербанк өзінің экожүйесіне кірген бірқатар компаниялар құрамынан шықты. Ресейлік заңды тұлғалар тізіліміне сәйкес, «Звук», Okko, «Okko Спорт», SberCloud, ЦРТ компаниялар тобы және «Эвотор» ІТ-компаниясы «Новые возможности» компаниясының меншігіне өткен. Ал 2022 жылдың қарашасында Okko онлайн-кинотеатрының бенефициары компания менеджменті болды.
АҚШ 2022 жылдың сәуір айының басында Сбербанкке қарсы бұғаттаушы санкциялар енгізген болатын. Бұл санкциялар АҚШ аумағындағы активтерді бұғаттауды және америкалық азаматтарға банкпен кез келген операция жасауға тыйым салуды қамтиды. Осындай шектеулерді Ұлыбританияны қоса алғанда, бірқатар елдер де енгізді.
Ал 2022 жылдың 29 маусымында Ұлыбритания «Новые возможности» компаниясына да санкция салды.
Айта кетейік, Apple компаниясы Қытайдағы App Store дүкеніндегі қолданба ішіндегі сатып алулар үшін алынатын комиссия төлемдерін 2026 жылдың 15 наурызынан бастап азайтады.