Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА.KAZINFORM – Елімізде және халықаралық деңгейде осы апта ішінде бірқатар кадрлық тағайындаулар мен қызметтік өзгерістер болды.
Апта басында Әбдірәсіл Желеубаев Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды.
2025 жылғы қараша айынан бастап ҚР Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еңбек жолын 2017 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып бастады.
2019-2023 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы егін және су шаруашылығы бөлімінде бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды.
2023-2024 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің агромелиорация басқармасында бас сарапшы, басқарма басшысы лауазымдарында еңбек етті.
2024 жылдың 20 маусымынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы болды.
2024 жылдың шілде айынан бастап бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Спорт саласында да маңызды кадрлық өзгеріс болды. Дмитрий Огай «Шахтер» футбол клубының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды.
Ол бапкерлік мансабында «Ертіс» (Павлодар) клубымен екі мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Қазақстан футболындағы тәжірибелі маман түрлі жылдары елдің жетекші командаларымен жұмыс істеп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген.
Қазіргі таңда Дмитрий Огайдың басты мақсаты – «Шахтер» футбол клубын Қазақстан Премьер-лигасына қайта шығару. Биыл қарағандылық клуб Бірінші лигада төртінші орын алып, жоғары дивизионға жолдамадан тыс қалған болатын.
Айта кетейік, «Шахтер» футбол клубы өз тарихында екі рет Қазақстан чемпионы атанған. Сондай-ақ қарағандылық команда қазақстандық клубтар арасында алғашқылардың бірі болып 2013–2014 жылғы маусымда УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті.
Талғат Қозбеков ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы қызметіне тағайындалды.
Талғат Жапарханұлы еңбек жолын 1999 жылы мемлекеттік кірістер органдарында Панфилов ауданының Салық комитетінде салық инспекторы лауазымынан бастаған.
Әр жылдары жетекші және аға салық инспекторы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Панфилов және Ұйғыр аудандары бойынша басқарма басшысы, Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, Алматы облысы, Жетісу облысы және Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болды.
Соңғы бір жылда Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Сондай-ақ Семей қаласы әкіміне Бахтияр Топаев орынбасар тағайындалды.
Ол еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласының Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратында есеп жүргізу жөніндегі техник қызметкер ретінде бастаған.
2010–2012 жылдары бас маман, кейін абаттандыру бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
2013–2017 жылдары абаттандыру бөлімін басқарып, аудан аумағын санитарлық тазалау және күтіп-ұстау мәселелеріне жетекшілік етті.
2017–2019 жылдары Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты жанындағы абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бөлімін, ал 2019–2020 жылдары аудан әкімдігінің бас инспекторы қызметін атқарды.
2020 жылдың қазан айынан 2025 жылдың мамыр айына дейін Алматы ауданы әкімінің аппараты жанындағы абаттандыру бөлімінің басшысы болды.
2025 жылдың мамыр айынан бастап тағайындалғанға дейін Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жетекшілік етті.
Павлодар облысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына Қазбек Оразұлы тағайындалды.
2005 жылдан 2023 жылға дейін құрылыс және коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік емес ұйымдарда басшылық қызметтер атқарды.
2023–2024 жылдары Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы болып еңбек етті.
2024 жылдан осы қызметке тағайындалғанға дейін Павлодар қаласының құрылыс бөлімінің басшысы лауазымын атқарған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Әсел Жанасова Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалған еді. Ол 2022–2025 жылдары «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып келген.
АҚШ Сенаты миллиардер Джаред Айзекманды NASA басшысы қызметіне бекітті.
Оны бекітуге 67 сенатор қолдаса, 30 сенатор қарсы дауыс берген.
Айзекман агенттікті басқарған алғашқы саяси тәжірибесі жоқ басшы атанбақ. Ол әуесқой ұшқыш ретінде танымал әрі ашық ғарышқа шыққан алғашқы кәсіби емес астронавт.
Forbes дерегіне сәйкес, оның байлығы шамамен 1,2 млрд долларды құрайды. Бұл қаражат төлемдермен айналысатын компаниядан, сондай-ақ ұшқыштарды даярлау және жеке әуе паркін басқару саласындағы бизнестен түскен.
Бұған дейін NASA басшысының міндетін уақытша көлік министрі Шон Даффи атқарып келген.