Апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Осы апта ішінде еліміздің бірқатар мемлекеттік орган мен білім институттарында маңызды кадрлық ауыс-түйістер болды.
Апта басында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Цифрландыру және инновациялар институтының директоры болып Мұрат Қожановтың тағайындалды.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Мұрат Ғалиасқарұлы бұған дейін жоғары оқу орындары жүйесінде цифрландыру және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша басшылық қызметтер атқарған.
Ол 1992 жылғы 26 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі және «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Еңбек жолын 2015 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде кафедра зертханасының меңгерушісі болып бастаған.
2015–2025 жж. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде басшылық және ғылыми-педагогикалық қызметтер атқарды.
Сондай-ақ 2025 жылдың ақпан айынан бастап Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Киберқауіпсіздік және жасанды интеллект» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Сонымен қатар, Қызылорда облысында жаңадан құрылған цифрлық технологиялар басқармасының басшысы болып Сабит Ибадулла тағайындалды.
Облыс әкімі жаңа басшыға жасанды интеллектіні дамыту, инвестиция тарту және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Сабит Ибадуллаұлы 1986 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде информатика, Қарағанды экономикалық университетінде экономика мамандықтары бойынша білім алған.
Сәбит Ибадулланың бұл салада, соның ішінде полиция департаментіндегі цифрландыру бағытында тәжірибесі мол.
Әр жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде бағдарламашы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2018- 2024 жылдары облыс әкімдігі жанындағы ақпараттық технологиялар орталығын, облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімін басқарды.
Еске сала кетейік, 2025 жылдан бүгінгі күнге дейін облыстық полиция департаменті бастығының цифрландыру саласына жетекшілік жасайтын орынбасары қызметін абыроймен атқарып келген.
Түркістан облысының экология департаментінде де басшы ауысты. Бұл лауазымға Байбатыр Мұсабек тағайындалды.
Ол 1998 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ды «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы магистратурасын «Мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2018 жылы «КазАгроҚаржы» АҚ менеджері болып бастаған. 2019-2020 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Инвестициялық саясат департаментінің сарапшысы, 2020-2021 ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Халықаралық ынтымақтастық және инвестиция тарту департаментінің сарапшысы қызметін атқарды.
2021-2025 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің көмекшісі, 2025 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі болды.
Айта кетейік, 2025 жылдың шілдесінен бастап Жамбыл облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары, Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы қызметін атқарып келген еді.
Ал Атырау облысында құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы лауазымына Нариман Биғали тағайындалды.
Нариман Биғали Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Тарих», Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «Құқық», Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын жасау» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2011 жылы бастаған. Әр жылдарда Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша Каспий өңіраралық көлік инспекциясында бас маман, «Нуркапстройгаз» ЖШС директоры, Атырау облысы құрылыс басқармасының құрылыс бөлімінде бас маман қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ Индер аудандық құрылыс бөлімін, Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімін басқарып, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек еткен.
Бұған дейін Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.