Аптаның жаңа кинопремьераларына шолу
АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада кинотеатрлар репертуары шетелдік хоррорлар мен шытырман оқиғалы драмалармен толықты. Халықаралық деңгейде танылған актерлер мен режиссерлердің фильмдері көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар отандық жаңа туындылар да прокатқа шықты.
Kazinform тілшісінің шолуында осы аптадағы ең басты кинопремьераларды ұсынамыз.
Болған оқиға 2
Жанры: драма, комедия
Ұзақтығы: 90 минут
Ел: Қазақстан, 2026 жыл
Режиссері: Нұрболхан Шарапов
Біржанның өмірі бірқалыпты өтіп жатыр. Ол адвокат болуды армандап, маңызды өзгерістерге дайындалып жүреді. Алайда кездейсоқ табылған бір зат оның өз тегіне қатысты күмән тудырады. Осыдан кейін ол биологиялық анасын іздеуге кіріседі. Біржан ағаларымен бірге өткеннің ұмыт болған құпияларын ашады. Іздеу барысында олар кезінде үлкен шу тудырған қылмыстық істің жай-жапсарын біледі. Алайда бұл шындықтың барлығы Біржанның өзі туралы түсінігін түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Ұят
Жанры: драма, триллер
Ұзақтығы: 99 минут
Ел: Қазақстан, 2026 жыл
Режиссері: Марат Құдайбергенұлы
Мәриямның қолында үздік дипломы, ал алдында жарқын болашаққа бастар талай мүмкіндігі бар еді. Алайда оның өмірі бір күнде астаң-кестең болады. Бай Жәңгір Мәриямды өзіне тиесілі адамдай көріп, оны күштеп алып қашады. Дәстүрдің қысымынан именген Мәриям үнсіздікке бой алдырып, Жәңгірге тұрмысқа шығуға мәжбүр болады.
Бірақ бұл неке оның бақытына емес, қорлық пен үрейге толы өмірге айналады. Жәңгірдің ұрып-соққанына шыдамаған Мәриям бір түні үйінен қашып кетеді. Енді ол өткенінен қашып, жаңа өмір бастауға тырысады.
Том мен Джерри: Тыйым салынған компас (Том и Джерри: Запретный компас)
Жанры: комедия, мультфильм
Ұзақтығы: 104 минут
Ел: Қытай, АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Чжан Ган
Том мен Джерри мұражайда бір-бірін қуып жүріп, сиқырлы жәдігерді тауып алады. Алайда жәдігердің тылсым күші оларды өткен заманға алып кетеді. Бейтаныс дәуірде қалып қойған екеуі өз уақытына оралу үшін күш біріктіріп, үйге апарар жолды табуға тиіс.
Тылсым сүйіс (Электрический поцелуй)
Жанры: комедия, мелодрама
Ұзақтығы: 122 минут
Ел: Франция, Бельгия, 2026 жыл
Режиссері: Пьер Сальвадори
Париж, 1928 жыл. Жұбайынан айырылған талантты суретші Антуан шығармашылық шабытынан айырылады. Жанына жұбаныш іздеген ол медиумның көмегіне жүгінеді. Алайда ол арғы дүниеден хабар жеткізіп отырған дауыстың иесі — көшпелі циркте өнер көрсететін айлакер алаяқ Сюзанна екенін білмейді. Сюзаннаның ойластырған айласы Антуанға шығармашылық шабытын қайта табуға көмектеседі, бірақ Сюзанна суретшіге күтпеген жерден ғашық болып қалады.
Тағдыр тәлкегінде (Жертва обстоятельств)
Жанры: шытырман оқиғалы комедия
Ұзақтығы: 103 минут
Ел: Ұлыбритания, Греция, АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Ромен Гаврас
Грекияда қайырымдылық шарасы өтіп жатыр, бірақ мұнда жиналғандар қоршаған ортаны қорғаудан гөрі Голливуд жұлдыздарының жабық кешіне келген қонақтарға көбірек ұқсайды. Олардың арасында кезінде танымал болған актер Майк Тайлер де бар. Ол бұрынғы атақ-даңқын қайтаруды армандайды. Кештің шырқын радикалды эколог Джоан бұзады. Оның пікірінше, алып жанартаудың атқылауын тоқтатып, әлемді апаттан құтқарудың бір ғана жолы бар. Ол үшін үш танымал адамды құрбан ету қажет. Көп ұзамай Майктың өзі адамзаттың тағдырын шешетін жағдайға тап болады. Енді ол өміріндегі ең маңызды рөлін сомдауы керек. Алайда бұл жолы оның сахнасы — кино емес, шынайы өмір.
Самурай мен тұтқын (Самурай и пленник)
Жанры: әскери-тарихи детектив
Ұзақтығы: 147 минут
Ел: Жапония, 2026 жыл
Режиссері: Киёси Куросава
Араки Мурасигэ әскери қолбасшы әрі стратег Курода Камбэйді түрмеден босатады. Ол Куродадан Ариока қамалында болған жұмбақ қылмысты тергеуге көмектесуін сұрайды.
Өлілер үйі, (Дом мёртвых)
Жанры: ужас
Ұзақтығы: 120 минут
Ел: Таиланд, 2026 жыл
Режиссері: Khom Kongkiat Khomsiri
Табысы мол сату менеджері мен жүкті әйелі көптен армандаған үйін тауып, сонда көшіп келеді. Алайда жаңа қоңыстан кейін түсініксіз оқиғалар басталады. Көп ұзамай ер адам көрші үйдің оған тікелей қатысы бар екенін байқайды. Осылайша, көрші үй мен оның отбасының арасында жұмбақ байланыс бар екені белгілі болады.
40 кездесу, 40 түн (40 свиданий, 40 ночей)
Жанры: комедия, мелодрама
Ұзақтығы: 100 минут
Ел: АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Энди Делани
Леаның өмірінде бәрі ойдағыдай өтіп жатқандай. Тек жігіттермен қарым-қатынасы мен ай сайынғы пәтерақы мәселесі ғана оның бас ауруына айналған. Кезекті сәтсіз кездесуден кейін әжесі оған күтпеген ұсыныс жасайды: егер Леа 40 жігітпен кездесіп, өзіне лайық жар таба алса, әжесі оның бір жылдық пәтерақысын төлеп беруге уәде етеді.
Күшік патруль: Динофильм (Щенячий патруль: Динофильм)
Жанры: шытырман оқиғалы, анимациялық, отбасылық, фантастикалық фильм
Ұзақтығы: 88 минут
Ел: Канада, АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Кэллан Брункер
Дауылдан кейін Күшік патруль жұмбақ динозаврлар аралына тап болады. Онда олар Рекспен кездеседі. Алайда мэр Хамдингердің ойланбай жасаған әрекеті жанартаудың атқылауына себеп болады. Енді команда арал тұрғындарын құтқару үшін ең ауқымды құтқару операциясын жүргізуге тиіс.
Қатар өрілген хикаялар (Параллельные истории)
Жанры: детектив, драма, триллер
Ұзақтығы: 139 минут
Ел: Франция, Италия, Бельгия, Сауд Арабиясы, АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Асгар Фархади
Сильви қарсы үйде тұратын көршілерінің өмірін бақылап, жаңа роман жазып жүреді. Жазушының көмекшісі Адам Сильвидің көршісі әрі романының кейіпкері Нитаға ғашық болады. Қыздың көңілін табу үшін ол Сильвидің қолжазбасын көшіріп алып, оны өз шығармасы ретінде ұсынады. Алайда өмірде роман кейіпкерлерінің прототиптері мен олардың арасындағы қарым-қатынас Сильвидің қиялындағыдай болмай шығады.
Батыс қақпасы
Жанры: боевик, тарихи фильм.
Ұзақтығы: 105 минут
Ел: Мажарстан, 2025 жыл
Режиссері: Петер Шоош
1242 жылы Ұлы Моңғол әскері Еуропаға басып кіруге аттанады. Алайда олардың жолын венгр қамалы мен оның басшысы Евсевий бөгейді. Моңғол әскерінің жорығын тоқтатуға шағын қамалдың төтеп беруі күтпеген жағдай еді.
Оук-стриттің шетінде (На краю Оук-стрит)
Жанры: боевик, шытырман оқиға, триллер, фантастика
Ұзақтығы: 100 минут
Ел: АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Дэвид Роберт Митчелл
Жұмбақ ғарыштық оқиғадан кейін Платттар отбасы өздері тұратын ауданмен бірге белгісіз жерге тап болады. Енді олар аман қалу үшін бірігіп әрекет етуге мәжбүр.
Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.