Әр адам қарт ата-анасына Deepfake туралы айтып, ақпарат беріп отырғаны жөн – IT маманы

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллектінің deepfake технологиясы алаяқтардың жаңа құралына айналды. Бұл тәсіл арқылы кез келген адамның түрі мен дауысын шынайы бейнелейтін видео жасауға болады.

Даниял Ерланұлы
Фото: видеодан салынған скрин

Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген жасанды интеллект сарапшысы Даниял Ерланұлы мәлімдеді.

Маманның айтуынша, жақында әлеуметтік желілерде «ауруханадамын» деп, жылап отырып ақша сұраған адамның видеосы тараған. Кейін 6 миллионға жуық қаралым жинаған бұл видеоның ЖИ көмегімен жасалғаны анықталған.

– Алаяқтар арасында ең дамыған алдау түрі – deepfake арқылы адамның түрі мен дауысын өзгертіп, ақша сұрау. Кез келген ата-ана баласы жылап, «ауруханаға түстім» деп хабарласса, қорқып, бірден сеніп қалады. Ең бірінші, бейтаныс нөмірден жазса, өзіңіздің балаңыздың телефон нөміріне хабарласу қажет. Қоңырау шалып, бұл видео шынайы ма, жоқ па, соны білу керек. Егер жауап бермей жатса, жанындағы достарына хабарласып, мән-жайды анықтау қажет, – дейді сарапшы.

Маманның айтуынша, әр адам ата-аналары мен жақындарын алаяқтардың түрлі айла-тәсілдері туралы үнемі ескертіп отырғаны жөн.

– Бұл тұста ата-аналарға жасанды интеллектінің қыр-сыры жайлы толық ақпарат беру керек. Әр жаңа тәсіл шыққан сайын оны көрсетіп, түсіндіріп, осындай алаяқтық тәсіл бар екенін айтып, иммунитет қалыптастырған дұрыс. Қазір жасанды интеллектінің түрлі құралдары пайда болды. Жүздеген, мыңдаған тәсіл бар. Бір ғана сайт емес, әртүрлі сайттар бар. Күннен күнге барлық видеоларымыз мүмкіндігінше шынайы көрінетіндей дамып отыр. Жасанды интеллект сапасы нашар фотосурет немесе ескі суретті де жоғары сапада тірілтіп, сөйлетіп бере алады, – дейді Даниял Ерланұлы.

Жасанды интеллектінің пайдалы тұстары да аз емес. Осы орайда Данияр Ерланұлы жаһандану дәуірінде технологияның қарқынды дамуының пайдасын да атап өтті.

– Көп адамдар жасанды интеллектіге тыйым салу керек деп ойлайды. Мен мұндай пікірмен келіспеймін, өйткені миллиондаған адам оны өз игілігіне пайдалана алады. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Олар киноға түсіп, блогер боламын десе, жасанды интеллекті арқылы арманын жүзеге асыра алады. Мысалы, алдағы бес жылда жасанды интеллект кино саласына көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Голливудта киноларды жасау үшін мыңдаған адам жұмыс істесе, жасанды интеллект арқылы бір адам да мультфильм түсіре алады. Қарапайым құралдармен, ноутбук арқылы ауыл тұрғыны да жоғары сапада фильм шығара алады, – дейді ол.

Еске сала кетейік, жақында жасанды интеллект Алматыда қатерлі ісікті ерте анықтауға көмектесетіні туралы жаздық.

 

Аружан Арманқызы

 

Соңғы жаңалықтар