Әр балаға - 21 мың теңге: Үш өңірде жәрдемақы жоғары болады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, 1 сәуірден бастап көпбалалы отбасылар үшін тағайындалатын жәрдемақының көлемі әрбір балаға 20 789 мың теңге болады. Аталған көрсеткіш барлығына ортақ. Бірақ үш өңірде есеп-қисап басқаша жүргізіледі.
«Қазір статистиканы ашып қарасаңыз, бізде үш өңірде күнкөріс деңгейі басқаша. Ол - Астана, Алматы мен Маңғыстау облысы. Осы үш өңірде жәрдемақы сәл жоғарылау болады. Қалған облыстарда әрбір балаға 20 789 теңгеден төленеді», - деді С.Жақыпова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Астанадағы атаулы әлеуметтік көмектің көлемін жариялаған болатын. «Атаулы әлеуметтік көмекке келсек, Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді, бұрын жанұяның әрбір мүшесіне табысты есептегенде (күнкөріс минимумның - авт.) 50 пайыздың деңгейінде болса, енді оны 70 пайызға көбейтеді. Егер бұрын 14 849 теңге болса, 1 сәуірден бастап оның көлемі 20 789 теңгеге көтеріледі. Ал енді Астана қаласында басқа өңірлермен салыстырғанда орташа жалақы жоғары, сондықтан 21 698 теңгеге дейін көтеріледі. Біздің болжамымыз бойынша осы шарамен, кем дегенде, 830 мың қазақстандық қамтылады. Ал Астана қаласында, бұл кем дегенде, 6 700-ге жуық», - деді Б.Сапарбаев Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.
Ақпанның соңында Nur Otan партиясының XVIII съезінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Осыдан кейін Елбасы аталған шараларды 1 сәуірден бастауды міндеттеді. https://kaz.inform.kz/news/kopbalaly-otbasylar-komekti-1-sauirden-bastap-aluy-kerek-nursultan-nazarbaev_a3504905
ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек ата-анасына қосымша ақы төленетінін де жеткізген. Бүгінде елімізде күнкөрістің минимумы 29 698 теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президенттің тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 пайызға - 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көпбалалы отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әрбір балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі.
«Сосын егер жанұяның әрбір адамына шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 пайыздан- авт.) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына да қосымша төленеді. Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұрын табысты есептегенде «Алтын алқа», «Күміс алқа», көп балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясы саналатын. Енді, соның бәрін есепке алмайды», - дейді Б.Сапарбаев.
Бұған дейін ҚазАқпарат тілшісі аталған жәрдемақыны тағайындаудың тәртібінсараптап шыққан болатын.