Әр гектарға 250 доллар – қазақстандық фермерлер пассив табыс таба алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық фермерлер келешекте топырақты ұқыпты ұстағаны үшін әр гектарға 250 АҚШ долларына дейін пассив табыс ала алады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов айтып берді. 

Әр гектарға 250 доллар – қазақстандық фермерлер пассив табыс таба алады
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Оның айтуынша, қазір Парламентте «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжат жаңа ынталандыру шаралары үшін құқықтық негіз қалыптастырады.

− Біз Парламентте топырақты қорғау туралы заңды қарап жатырмыз. Онда топырақтың тозуымен күресу және оны сақтау бойынша жаңа әдістер мен нормалар енгізілуде. Атап айтқанда, фермерлердің, жер пайдаланушылар мен шаруалардың осы технологияларға қызығушылығын арттыратын ынталандыру нормалары қарастырылды. Яғни, шаруа немесе фермер жаңа технологияларды дұрыс қолданып, топыраққа ұқыпты қараса, ол үшін қосымша пассив табыс алады, − деді ол Астанада өткен «Ауыл, орман шаруашылығы және өзге де жер пайдаланудағы карбон жобалары» атты тренингте.

Фермер табыс алу үшін жүйеде бірнеше кезең болады. Бірінші қадам — заңнамаға өзгерістер енгізу.

— Біз онда терминологияны бекітіп, осы механизмнің жұмыс істеуі үшін құқықтық база қалыптастырамыз. Фермер үшін болашақта пассив табыс алудың басты шарты — жерге арналған мемлекеттік актінің болуы. Бұл бірінші шарт, - деді ҚР АШМ өкілі. 

Келесі кезеңде жер пайдаланушының цифрлық кабинеті іске қосылады. Бұл — комитеттің ақпараттық жүйесіндегі арнайы бөлім. Ол фермерлерге өз жер телімдерінің жағдайын толық көріп отыруға мүмкіндік беретін тегін құрал болмақ.

— Онда фермердің жер учаскесі туралы барлық ақпарат көрсетіледі. Яғни, бастапқы нүктеде топырақтың сапалық жағдайы – қозғалмалы калий, фосфор мөлшері, геоботаникасы туралы мәліметтер енгізіледі. Олардың біржылдық не көпжылдық шөптерді еккені, агрохимиялық құрамы — осының бәрі жүйеде сақталады. Динамикада жайылым айналымы бар ма, оны фермер сақтап отыр ма, соны бақылап отырамыз, - деп түсіндірді М. Теміржанов. 

Егер осы мәліметтер учаскедегі топырақ жағдайының жақсарғанын растаса, келесі тексеру (верификация) кезеңі басталады. 

— Біздің зертхана мамандары жер теліміне барып, тексеру жүргізіп, фермерге сертификат береді. Сертификат алған соң фермер негізгі кезеңге — нәтижені монетизациялауға өте алады. Болашақта фермер әр гектардан 1–250 АҚШ доллары аралығында пассив табыс алуы мүмкін, - деді Мұрат Теміржанов. 

Экология саласындағы сарапшы Гүлмира Исмағұлованың айтуынша, елімізде ұсақ фермерлер өте көп. Сондықтан оларды біріктіретін, не істеу керектігін айтып, оларға қаржы бөлетін агрегатор-компаниялар қажет. Ал пассив табысты ерікті көміртек нарықтары арқылы табуға болады.

− Бүгінде жаһандық қаржы секторы жауапты инвестиция қағидаларын ұстанады. Сондықтан көптеген компаниялар өздерінің көміртектік ізін азайтуға ұмтылады. Олар басқа жобаларға инвестиция салып, кейін көміртек сертификаттарын алып, өз шығарындыларын өтегенін дәлелдей алады. Яғни «Мен өзімнің шығарындыларымды өтедім, оларды мейлінше азайттым және нөлдік көміртек ізіне қол жеткіздім. Яғни, мен климатқа жауапкершілікпен қарайтын ұйыммын» деген месседж көрсетеді. Бұл оларға бедел, сенім, инвестициялық тартымдылық береді, яғни бәсекеге қабілетті арттырады, - дейді Гүлмира Исмағұлова.

Айта кетейік, Қазақстан әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда климаттың өзгеруіне қатты ұшырап отыр. Кейінгі жарты ғасырдағы бақылауларға сәйкес, Қазақстанда жерге жақын ауа температурасы 10 жыл сайын орта есеппен 0,32 градусқа көтеріліп келеді. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш 0,18 градустан аспаған. Жаһандық жылыну салдарын азайту үшін ғалымдар карбонды жобаларды көбейтіп, климаттың өзгеруінен туындайтын нақты шығындарды есептеуді ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар