Араб елдерінің әуе компаниялары Сауд Арабиясына рейстерді тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдардан кейін бірнеше араб елінің әуе компаниялары бұл мемлекетке қатынайтын рейстерін уақытша тоқтатты. Әуежай да ұшақтарға қызмет көрсетуді уақытша кейінге қалдырды, деп хабарлайды Анадолы.
Бахрейннің Gulf Air әуе компаниясы 12-17 қазан аралығында Бахрейн мен Эр-Рияд арасындағы екі бағыттағы барлық рейсті тоқтатты.
Qatar Airways соңғы оқиғаларға байланысты Эр-Рияд пен Даммам қалаларына қатынайтын рейстер уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық әуе тасымалдаушысы Etihad Airways Абу-Даби мен Эр-Рияд арасындағы барлық рейсті 19 қазан, дүйсенбіге дейін тоқтатты. Бұдан бөлек, компания сейсенбі және сәрсенбі күндеріне жоспарланған Абу-Даби — Даммам рейстерін, сондай-ақ бейсенбіге дейін Абу-Дабиден Жиддаға қатынайтын кейбір рейстерді тоқтатты.
Кувейттің Kuwait Airways әуе компаниясы Король Халид атындағы халықаралық әуежайдың уақытша жабылуына байланысты Эр-Риядқа қатынайтын рейстердің тоқтатылғанын мәлімдеді.
Мысырдың EgyptAir әуе компаниясы әуежай жұмысы қайта жанданғанға дейін Каир мен Александриядан Эр-Риядқа ұшатын рейстер тоқтатылғанын хабарлады.
Сауд Арабиясының Азаматтық авиация бас басқармасы Король Халид атындағы халықаралық әуежайдың жұмысы қосымша хабарламаға дейін тоқтатылатынын мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай шешім әуежай инфрақұрылымының қауіпсіздігін тексеру және оның жұмысын қайта бастауға дайындығын бағалау үшін қабылданған. Тексеру жұмыстары тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіліп жатыр.
Әуе қатынасындағы үзілістерге байланысты Сауд Арабиясының Катар, Бахрейн, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейттегі елшіліктері рейстердің тоқтатылуына байланысты еліне қайта алмай жүрген азаматтарын Эр-Риядқа жеткізу үшін автобус қатынасын ұйымдастырды.
Еске салайық, соңғы бір аптада Сауд Арабиясындағы 5 әуежайға он рет шабуыл жасалған. Салдарынан 20 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды.
Айта кетейік, хуситтер Сауд Арабиясының әуежайларына тағы да шабуылдар жасайтынын ескертті.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға байланысты аталған елдегі Қазақстан азаматтарын қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырған болатын.