Араб-ислам саммитіне қатысқан Өзбекстан делегациясы Қатарға қолдау білдірді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов бастаған үкіметтік делегация Қатар астанасында өткен араб-ислам төтенше саммитіне қатысты, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Араб-ислам саммитіне қатысқан Өзбекстан делегациясы Қатарға қолдау білдірді
Фото: t.me/bakhtiyor_saidov

Саммитте Бахтиёр Саидов Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің жағдайға қатысты мәлімдемесін оқып берді.

- Мәлімдемеде президент Өзбекстанның бауырлас Қатар халқымен және барлық мұсылман елдерімен арадағы ынтымақтастыққа ереше назар аударатынын атап өтті. Сондай-ақ, Шавкат Мирзиёев Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін соңғы әскери агрессияны қатаң айыптады, - деп жазды Өзбекстанның Сыртқы істер министрі өзінің Telegram-арнасында.

Ведомство басшысы Өзбекстан өзінің мызғымас ұстанымын өзгертпейтінін баса айтты. Оның сөзінше, барлық қақтығыс бейбіт жолмен шешілуі керек. Сонымен бірге, халықаралық қауымдастық зорлық-зомбылықты тоқтату және оның өршуіне жол бермеу үшін шұғыл шара қабылдауы тиіс.

- БҰҰ қарарларына сәйкес, Палестина халқының тәуелсіз мемлекет құруға заңды құқығын құрметтеу керек. Өзбекстан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Біз қазірдің өзінде Палестина азаматтарын қабылдап, оларға қажетті қолдау шараларын ұсындық, - деп мәлім етті министр.

Бахтиёр Саидов араб-ислам төтенше саммитін жоғары бағалап, оны аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тиімді шешімдер қабылданатын алаң екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Дохадағы араб-ислам саммитіне қатысушылар Израильдің БҰҰ-дағы мүшелігін тоқтатуға шақырды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Дохада Израиль билігі жасаған әскери акцияны айыптағанын жазған едік.

Сонымен қатар, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де Дохаға жасалған соққыны айыптады.

Соңғы жаңалықтар