Арал аумағында сексеуіл егу жоспары қалай орындалды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Арал аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2025 жылға дейін 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл егу жоспарына қатысты түсінік берді.

 Аральское море | МФСА
Фото: Кazaral.org

«2021 жылы Мемлекет басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде сексеуіл екпелерін отырғызу жолымен жалпы ауданы 1,1 млн га орман мелиорациялық жұмыстарды жүргізу міндетін қойды. 2021-2024 жылдары Арал теңізінің құрғаған түбінде 413 мың гектар аумақта орман мелиорациялық жұмыстар атқарылды (сексеуіл мен галофит өсімдіктерінің 2083,4 тонна тұқымы себілді, 45,2 млн сексеуіл көшеті отырғызылды). Сонымен қатар 197 мың гектар аумаққа орманның табиғи өсуіне ықпал жасау жұмыстары іске асырылды», - делінген Экология министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, 2024 жылы жоспарланған 275 мың гектар аумақтың 65 мың гектарына ағаш отырғызу жұмыстары көктемгі мезгілде орындалды. Қалған аумаққа орман отырғызу жұмыстары осы жылы күзде атқарылып жатыр.

«Атап айтқанда, 2025 жылғы жоспар бойынша 280 мың гектар қамтылады», - деп аталып өткен министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, ҚМГ құрғаған Арал түбінде 15 мың гектар алқапқа 4 миллионнан астам сексеуіл көшетін отырғызу бойынша міндеттеме алды. https://kaz.inform.kz/news/kazmunaygazdin-koldauimen-aral-tenznn-kurgagan-tabanina-44-mln-nan-astam-sekseul-koshetter-egled-a7bdf5/

Биыл шілде айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударды

Соңғы жаңалықтар