Арал тұрғыны үйінің алдындағы ескі сарайды музейге айналдырған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының Арал ауданында үйінің алдындағы екі бөлмелі ескі сарайды музейге айналдырған азамат тұрады.

Кейіпкеріміз Нұржан Іздібаев мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейді. Ескі дүниеге әуестігі екі жыл бұрын атасы мен әжесі тұтынған заттарды жинаудан басталған.

Бүгінде музей (бұл жерде біз «музей» деп шартты түрде атап отырмыз) қорындағы жәдігерлер саны мыңға жетті. Көбіне туған-туыс, дос-жаран, әріптестері қолға түскенін береді екен. Ал енді бір бөлігін әлеуметтік желідегі оқырмандары сыйға тартқан.
– TikTok парақшамда 24 мыңдай жазылушы бар. Тікелей эфирде хоббиім туралы айтып, көпшілікке қордағы дүниелерді көрсетемін, таныстырамын. Пластинка, кассетаға жазылған ретро әндерді тыңдатып, кассета, DVD дискіге жазылған видеолардан үзінді салып отырамын. Соған қызығушылық білдіріп, танымаса да қолында бар ескі дүниелерді сыйлыққа беріп жібергендер аз емес, - деді Нұржан Іздібаев.

Музей жәдігерлерінің ішіндегі ең көнесі – Ресей империясы кезінде қолданылған 1725 жылы шыққан тиын. Одан бөлек 1973 жылы шыққан шаңсорғыш, 1978 жылы шыққан теледидар, шахтерлар қолданған 1950 жылғы телефон бар.
– Теледидарды үйдегілер атам бар кезде пайдаланған екен. Ал темір телефонды шахтада төтенше жағдай кезінде дабыл қағу, хабар беру мақсатында қолданған. Оны өзім сияқты коллекционерден 30 мың теңгеге сатып алдым. Ең қымбатқа сатып алғаным — әзірге осы, - деді музей иесі.
Мұнда майшам, магнитофон, үтік, үй телефоны, ұялы телефон, картинка, тағы басқа заттардың түр-түрі бар.

Әжесінің артынан келген сандықты, ол кісі тұтынған кебеже, асадал, диірменді де немересі көзінің қарашығындай сақтап келеді.

Кейіпкеріміз бұрнағы жылғы еңбек демалысын жинаған дүниелерінің шаңын сүртуге, оларды орын-орнына қоюға арнаған. Мұның өзі – көп уақытты қажет ететін жұмыс.
– Әлі әр заттың тұсына тарихы, шыққан жылы, қайдан, кімнен алғаным туралы қысқаша мәлімет жазып қоюым керек. Оған көбіне мүмкіндік бола бермейді. Қызығушылықпен бастаған ісіме әке-шешемнен бастап әріптестеріме дейін түсіністікпен қарайды, қолдайды. Қолға түскен құнды дүниелерді әкеп беріп, қорға үлес қосады, - деді коллекционер.

Жергілікті музейден хабарласып, жәдігерден үлес сұрағандар болыпты. «Өзімнен артылса, беруге дайынмын», - дейді Нұржан Іздібаев.

Бұған дейін біз Қызылордадағы жалғыз шіркеу бұрын музей болғанын жазғанбыз.