Аралда Тәуелсіздік күнінде бірқатар нысан пайдалануға берілді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мерекесінде Қызылорда облысында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданында бірқатар нысанның ашылу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы алдымен аудандық оқушылар үйін пайдалануға беру рәсіміне қатысып, жаңа ғимараттың жай-күйімен танысты. Оқушылардың игілігі үшін салынған нысанның ашылуымен құттықтап, лебізін білдірді.
«Барлығыңызды аудандық оқушылар үйінің ашылуымен құттықтаймын. Жаңа нысанда өнерлі ұландар тәрбиеленіп, ауданның мәдени дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Мұнда балғындар түрлі үйірмелерге қатысып, өз шығармашылықтарын шыңдайтын болады» , - деді облыс әкімі.
Нысанның құрлысы 2019 жылдың мамыр айында басталған. Сыйымдылығы 250 балаға лайықталған. Құны 282,1 млн теңгені құрайды.
Ғимараттың бірінші қабатында «Bioland», IT бағытындағы және би үйірмелері бар. Ал екінші қабатында «Шебер қолдар» үйірмесімен, фойеде суретшілермен жас қолөнершілердің көрмесі және акт залы орналасқан.
Аймақ басшысы одан кейін Шижаға елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне де қатысты. Жаңа медициналық ғимарат 15 бөлмеден тұрады. Қазір мұнда 15 қызметкер жұмыс істейді. Жаңа нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген.
Мұнан кейін өңір басшысы Шөміш елді мекеніндегі кеңейтіліп және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген ішкі су желісін пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Аталған су желісінің ұзындығы 11,9 шақырымды құрайды. Ауыз су жүйесі «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде іске асқан.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Арал ауданындағы сапары Қамыстыбас елді мекені тұсындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбековтің жол бойғы қызмет көрсету кешенінде қорытындыланды. Кәсіпкер кешенді 200 млн.теңгеге өз қаражаты есебінен салған. Мұнда 80 адамға арналған ас бөлмесі, 10 жатын бөлме және намаз оқитын орын бар. Жаңа нысан жанынан жанар май құю бекеті де орналасқан. Облыс әкімі кәсіп иесін жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, кешен жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Қызылорда облысында Менің туым. Менің Отаным!» бұқаралық челленджі аясында авто және велошеру өтті.