Аралдан таңертең шыққан жолаушылар кешке Ақтауға жетеді — Нұрлыбек Нәлібаев
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Арал — Каспий автожолы мен Қызылорда — Ақтөбе бағытындағы жаңа магистральдардың қандай мақсатта салынатынын, олардың ерекшелігі мен іске асу мерзімін түсіндірді. Оның айтуынша, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы 2026–2029 жылдары толық аяқталуы жоспарланған.
Үкіметте өткен брифингте журналистер Мемлекет басшысы жариялаған Арал — Каспий магистралінің құрылысы мен өзге де жол жобаларының жүзеге асу барысы туралы сұрады.
Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, қазір үш ірі жоба — Арал — Каспий, Сексеуіл — Ұлғайсын, Ұлғайсын — Ақтөбе және Сексеуіл — Қызылорда бағыттарындағы жол құрылысы жүріп жатыр. Мемлекет басшысы өткен жылдың тамыз айында аталған жобаларды бастауға рұқсат берген.
— Жақында Үкімет басшысының тапсырмасымен осы жобалардың барлығын аралап, құрылыс барысын көзіммен көріп қайттым. Қазір ол жақта қызу жұмыс жүріп жатыр. 500-ден астам техника мен 1 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр, — деді ол.
Вице-премьер Арал — Каспий автожолының басты ерекшелігіне де тоқталды. Оның сөзінше, бұл — бұрыннан бар жолды қайта жаңғырту емес, құмды дала арқылы екі өңірді байланыстыратын жаңа бағыт.
Жол Арал ауданының Сексеуіл кентінен басталып, Бейнеу арқылы Ақтауға дейінгі көлік қатынасын қамтамасыз етеді.
Нәтижесінде Аралдан таңертең шыққан жолаушылар кешке Ақтауға жету мүмкіндігіне ие болады.
— Бұрын екі өңірді байланыстыратын мұндай үлкен автожолдар салынбаған. Қолданыстағы жолдардың бәрі дерлік бұрыннан бар бағыттарды қайта жаңғырту арқылы жүзеге асырылып келеді. Ал мына жол құмның арасында, жаңа бағытпен салынып жатыр. Бұл тек екі өңір үшін ғана емес, Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің бойындағы аумақтарды дамытуға да үлкен септігін тигізеді, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен бірге Қызылорда мен Ақтөбе қалаларын байланыстыратын тағы бір ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол Қызылорда — Сексеуіл, Сексеуіл — Ұлғайсын және Ұлғайсын — Ақтөбе учаскелерін қамтиды.
Бұл жобаның жалпы құны 2,2 трлн теңгеден асады. Жолдың ұзындығы шамамен 1 200 шақырым болады. Қазірдің өзінде Ақтөбе — Ұлғайсын бағытының бірінші кезеңіндегі 28 шақырым жол пайдалануға беріліп, көлік қозғалысы ашылған.
Жоспар бойынша, барлық жол құрылысы 2026–2029 жылдары толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс.
Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев қаражаттың қай салаларға бөлінетінін түсіндірді.