Аралдан үдере көшіп жатқандар әлі де аз емес: 8 ауыл картадан жоғалған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Соңғы бес жыл ішінде Қызылорда облысының Арал ауданында 8 елді мекен тарап кетті.

Теңіз тартылған тұста балық аулауды кәсіп қылған кейбір ауылда бірлі-жарым үй қалды. Саналы өмірін су үстінде өткізіп үйренген талай адам нантабыс, жанбағыс үшін жақын аудандарға, сырт жаққа — үлкен қалаларға үдере көшті.
Соның бірі — Қазалы қаласының тұрғыны Қазыбай Ибрашев. Жасы жетпістен асқан ақсақал көрші ауданның балығы тайдай тулаған Қасқақұлан ауылында туып-өскен.
Қазір ізі де қалмаған ауылы туралы айтқанда ертегі естігендей әсерде қаласың.
— 1990 жылы шілде айында мектеп бітірушілердің 25 жылдық басқосуына сапарлап бардым. Елден көшкен үлкендеріміздің сол кездегі мектеп ауласындағы тал-дарақты құшақтап, көзіне жас алғаны әлі күнге көз алдымда. Ол кезде сексеуіл алқабы жоқ, құм көшкіні басқан, бұзылған үй орындары ғана болатын. Кеме айлағына салынған жуан ағаштар түгелдей кесіліп, түбіртегі ғана қалыпты. Жалғыз темір қайықтың қаңқасы күн көзінде қақталып жатқан болатын. Бұл күнде ұлы теңіз ұлтанын сексеуіл орманы басқан. Елу жыл бұрын қосылған қос бұлақ әлі күнге ағып тұр, — деп еске алды ол.

Ақын Толыбай Абылаев — балықшының ұлы. Бала күнінен көрген-баққаны теңіз болғасын қаламгерлік жолда осы тақырыптан ауытқыған жоқ.
— 5-6 жасымда теңіз жағасындағы қоржын тамда тұрдық. Дауыл күндері тереземізді толқын жуып жататын. 70-жылдары тартыла бастады. Келешекте теңіз қайтадан орнына келуі мүмкін деген үміт бар. Өйткені көнекөз кісілер теңіз 100-200 жылда бір тартылып, қайтадан кемеріне келеді деп отыратын, — деді ақын.
Тарихшы, өлкетанушы Болатбек Қуатов жергілікті халық өткен ғасырдың 90-жылдарынан 2000 жылға дейін айтарлықтай зиян шеккенін тілге тиек етті.

— Тәуелсіздік орнағаннан кейін Аралдың ахуалы күрделене түсті. Еліміз нарықтық қатынастарға көшті, ал халық оған дайын емес еді. Сол кезде тұрғындар қолда бар малын азық-түлік, басқа да қажеттілікке ауыстыра бастады. Мал саны күрт азайып кетті. Колхоз, совхоздар жабылып, орнына жеке кәсіпкерлер, жеке шаруашылықтар пайда болды. Теңіз тартылған тұста Аралдан көбі іргелес Ақтөбе облысына, Қызылорда қаласына қарай ағылды. Кейбір ауылдарда тұрғындардың 40-50% көшіп кеткен жағдайлар кездесті, — деді Болатбек Қуатов.
2000 жылдан бері қарай ғана жағдай түзеле бастады. Қазақстан жағы Арал теңзінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға күш салды.
40 жылдан бері тартылып, табаны көрінген Аралға су тола бастағанын Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеп отыр.

Жыл басында министрлік ұсынған мәліметке сенсек, теңіздің солтүстік бөлігінің көлемі 42%-ға ұлғайып, 27 млрд текше метрге жеткен.
Ал бұл су маржандарының түрленіп, санының көбеюіне, өмірін теңіз бен балыққа теліген халықтың несібесінің артуына себеп.
Арал аудандық статистика бөлімінің басшысы Еламан Қапаловтың айтуынша, бүгінде мұндағы халық саны 79 мыңнан асты.
Ауданда 49 елді мекен бар. Халықтың басым бөлігі Арал қаласында тұрады, бұл дегеніміз — 38 мыңға жуық адам.
— Кезінде көшіп кетіп, қайта оралған адамдар жоқ емес. Бірақ өсу қарқыны өте жоғары дей алмаймыз. 2020 жылы — 1725 адам, 2021 жылы — 1197 адам, 2022 жылы — 1287 адам, 2023 жылы — 1451, 2024 жылы — 2051 адам келген. Бұл ауданда тіршілікке қолайлы жағдай жасалуына байланысты. 2020 жылы — 2253 адам, 2021 жылы — 1753 адам, 2022 жылы — 2105 адам, 2023 жылы — 2540 адам, 2024 жылы — 3434 адам алыс-жақын өңірлерге кеткен. Салыстырып қарасаңыз, келген адамнан кетіп жатқандар көп. Бұл жақсы динамика емес. Халықтың көбі жұмыстың тапшылығынан сыртқа кетіп жатыр. Кәсіпкерлік аясы кеңейіп, мемлекеттік бағдарламалар жүйелі іске асса, жастар осы жерде тұрақтаған болар еді, — деді ол.

Бөлім басшысының мәліметінше, соңғы бес жыл ішінде Аралда 8 ауыл таратылған.
— Көне Бөген елді мекенінде бес-алты үй қалған соң оны Бөгенге, Водокачкада бір-ақ үй қалып еді, оны да жақын ауылға қосты. Қарақұмдағы Көкашар елді мекенін Абайға біріктірді, Көшек елді мекенін Шижағаға, Көлжағаны Қаратереңге біріктірді, — деді Еламан Қапалов.
Жуырда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілістегі Үкімет сағатында Көкарал дамбасын тағы 2 метрге биіктету жоспарланып отырғанын мәлім еткен еді.