Аралдың құрғаған табанына 48,7 млн сексеуіл көшеті егілді

АСТАНА. KAZINFORM – «Таза Қазақстан» бастамасы аясында мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы 1 млрд 369 млн көшет отырғызылды. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев айтып берді. 

сексеуіл
Фото: Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты

– «Таза Қазақстан» бастамасының тағы бір маңызды бағыты – ел аумағын көгалдандыру және орман алқабын ұлғайту. Осылайша, мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы 1 млрд 369 млн көшет отырғызылды. Оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына 48,7 млн сексеуіл көшеті егілді, - деді М. Ошурбаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Өткен жылдың соңында Қазалы қаласында 33 гектар аумақта жылына 3 млн көшет өндіруге әлеуетті орман тәлімбағының құрылысы аяқталды.

Қазіргі таңда агротехникалық талаптарға сәйкес, бұл тәлімбақта 10 гектар жерге сексеуіл тұқымдары себілді.

− Биыл Аралдың құрғаған табанында 15 гектарлық тәлімбақ жобасы әзірленіп, құдық қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, қызметкерлерге арналған өндірістік контейнер-модульдер жеткізілді, - деп толықтырды Мансұр Ошурбаев. 

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Jibek Joly студиясында сұхбат беріп, Президенттің 2 млрд ағаш егу тапсырмасын қалай орындап жатқанын айтып берді. 

Еске сала кетсек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен жылдан бері ел бойынша 1,4 млн тонна қалдық жиналып, 2,4 млн ағаш отырғызылды. Акцияға шамамен 9 млн адам қатысқан, оның ішінде 450 мың ерікті бар. 

Былтыр Telegram-да іске қосылған @TazaQazBot тұрғындардың 22 мың шағымын қабылдады, оның 21 мыңнан астамы орындалды. 

Соңғы жаңалықтар