Әрбір төртінші жол апаты жылдамдық режимін сақтамаудан болады – ІІМ

Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.
Оның айтуынша, соңғы 5 жылда апат саны төмендеп келеді.
«Биыл 10 мыңнан астам жол көлік оқиғасы орын алды, онда 1 716 адам қаза болып, 13 мыңнан астам адам түрлі дене жарақатын алған. Бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі – көлік жүргізу тәртібінің төмендігі. Қарапайым қағидаларды сақтау жолдағы сын-қатердің алдын алуға көмектеседі, - деді Ж. Мұратәлиев.
Сонымен бірге, әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы жылдамдық режимін сақтамау салдарынан болады.
Бұл бойынша 2 529 жол-көлік оқиғасында 670 адам қаза болып, 3 535 адам жарақат алған.
«Жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар мен жараланғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды. Жолдағы қауіпсіздік жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де байланысты. Екі жақта да тәуекел бар. Себебі жол-көлік оқиғасына көбіне көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өтетін немесе бағдаршамның қызыл жарығына өтетін жаяу жүргіншілер кінәлі болып жатады. Жаяу жүргіншілер кінәсінен 357 жол апаты болып, 77 адам қаза тауып, 293 адам жарақат алды», - деді ҚР ІІМ өкілі.