Ардагерлерге арналған медициналық көмекті жетілдіру жолдары қаралды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттары Астанадағы ардагерлерге арналған орталық клиникалық госпиталь ұжымымен кездесті.
Ардагерлердің денсаулығын сақтау, қарт пациенттерге көмек көрсету жүйесін дамыту және медицина қызметкерлерін қорғау мәселелері жиынның басты тақырыбы болды.
Кездесу барысында депутаттар бүгінгі таңда аға буын адамдарға медициналық көмек көрсету жүйесі қалай құрылғанын, елдегі геронтология мен гериатрияның қалай дамып жатқанын және Парламенттің одан әрі жұмысының назарында қандай міндеттер қалуы керектігін егжей-тегжейлі талқылады.
Мәжіліс депутаттары ардагерлер, тыл еңбеккерлеріне және оларға теңестірілген азаматтар санаттарына мамандандырылған көмек көрсететін госпиталь — бірегей медициналық мекеменің қызметімен танысты.

Депутаттар егде жастағы адамдардың денсаулығын сақтау өмір сапасын, белсенді ұзақ өмір сүруді және қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Гериатрияның медициналық көмектің дербес бағыты ретіндегі рөліне, кешенді гериатриялық бағалауды, пәнаралық тәсілді және көмек көрсету деңгейлері арасындағы сабақтастықты енгізу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
— Халықтың қартаюы жағдайында геронтология мен гериатрияны дамыту мәселелері стратегиялық маңызға ие. Бүгінгі таңда проблемалар туралы айтып қана қоймай, егде жастағы азаматтарға қолжетімді, сапалы және кешенді медициналық көмек көрсететін жүйелі заңнамалық шешімдерді қалыптастыру маңызды. Халықтың қартаюы болашақ мәселесі емес, бүгінгі күннің шындығы. Қазақстанның қарт азаматтарының өмір сүру сапасы қазір қандай шешім қабылдайтынымызға тікелей байланысты, — деп атап өтті Павел Казанцев.
Өткен сенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем қызмет қызметкерлеріне қатер төндіргені және зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейтетін тиісті заңға қол қойды. Заң дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі қадам болды. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді. Енді медициналық қателік бойынша төлемдер мамандардың жеке қаражатынан емес, сақтандыру тетіктері есебінен жүзеге асырылады.

Жиында депутаттар медицина қызметкерлерінің барлық сұрағына жауап беріп, өзекті мәселелер туралы ашық сөйлесті. Жергілікті мамандардың ұсыныстары мен мәселелерін депутаттар бақылауға алады, олар салалық министрліктермен бірлесіп пысықталатын болады.
Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі кездесулері 5-13 қаңтар аралығында жалғасады. Жұмыс сапарлары барысында депутаттар сайлаушыларды қабылданған заңдар туралы хабардар етеді, олардың жергілікті жерлерде қолданылу барысын зерделейді және азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер мен проблемаларды тыңдайды.